Абай • Кеше

Абай тойы басталды

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тұнып тұрған тарихы, шалқып жатқан шежіресі бар адамзат­тың ардақты пер­зенті, ақыл-ойдың көмбесі, қазақ халқының кемең­гер тұлғасы Абай Құнанбайұлының дүние есігін ашқаны да той болуға тиіс. Оған арналған әр онжылдықтағы дүбірлі той көргеннің көңілінде, көрмегеннің арманында. Бұл той – елді бірлікке бастаған береке, руханият мерекесі.

Абай тойы басталды

Хакімге арналған цифрлық жоба

Хакім Абайдың 180 жылдық мерей­тойы­на арналған онкүндік Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінен басталды. Ақын шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты.

Энциклопедиялық портал­дың тұсаукесерінде сөз сөйлеген өңір басшысы Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтілетінін айтып, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласы мен Абай ауданында, облыстың өзге де өңірлерінде түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шара­лардың жоспарланып отыр­ғанына тоқталды.

Аталған он­күн­діктің өтуіне қаржыны түгел­дей жанашыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойының өңіріміз­ге ең бас­ты сыйлығы – Мемлекет бас­шы­сы­ның қолдауымен бас­талған «Абайға құрмет» акциясы. Хакім­нің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облы­сы­мыз­ға бір нысаннан салып бере­тін­ болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашы­лық орталық, Түркістан көрме орта­лы­ғын, Астана жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығын, Пав­лодар облысы үстел теннисі орта­­­лығын салуға, Шығыс Қазақ­стан­ Ертіс жағалауын жасанды­­рып бере­міз деп отыр. Өзге өңір­лер де хабар­ласып, ықылас-ниетте­рін біл­діріп жатыр», деді облыс әкімі.

Абай

Сонымен қатар энциклопе­диялық портал Абай мұрасын заманауи форматта жеткізу тұр­ғысында маңызды екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шы­ғармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамыл­сыз оқып-үйренгенін бар жан-тәні­мен қалады. «Ғылым таппай мақ­тан­ба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жілік­теп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салды. Демек бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдар­шам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам «Abai akademiyasy» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады. Ең бастысы, бұл портал Абайдың 180 жылдық мерейтойынан кейін де жұмысын жалғастыра береді»,  деді өңір басшысы.

«Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныс­тырды. Оның айтуынша, «Abai akademiyasy» порталы – Абай мұра­сын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлі­мет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифр­лы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильм­дер де қамтылған.

Айтулы іс-шарада абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы-ғалым, PhD Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.

«Бүгін ашылып отырған «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы – еліміздің ғылыми, мәдени, ақпарат айдынындағы елеулі жаңалық. Портал жас ға­лымға да, ізденушіге де, студент­ке де, оқушыға да, қарапайым жұ­мысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті дерек­терін қабылдап, әрі қарай ұлы ақын туралы ойлары мен танымын дамытатыны сөз­сіз. Абайды білемін, танимын, ұға­мын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін ең үлкен басты құрал, энцикло­педия», деді Арап Еспенбетов.

Бір сөзбен айтқанда, энцикло­педиялық портал халықтың Абай мұрасын тануына көмегін тигізе бермек. Келешекте цифрлық жобаның мүмкіндіктері жетіле түседі, жасанды интеллект­іге негізделген виртуалды көмек­ші – Абай чат-боты да қолдану­шы­лардың игілігіне жұмыс істемек. Ол әрбір сұраққа Абай жауап қатқандай әсер беретін болады.

 

Ұлттық ауыл есігін айқара ашты

Семейдегі Түйемойнақ аралында Абай тойының мәні мен сәніне айналған этноауыл­­дың келушілерге ресми түрде есігі ашылды. Халықтың ұлттық мұра­сы мен бай мәдениетін насихаттайтын ауыл алдағы он күн бойы тойшы қауым мен турис­терге қызмет көрсетеді.  Бір айтарлығы, дүбірлі той барысында іс-шара­ның дені осы аралықта өтеді. Этноауыл аумағында оннан аса киіз үй тігілген, жастар­дың көңіл көтеруіне үш алтыбақан орна­тылған. Қала жұрты мен қонақ­тары ауылға түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі көр­­меге көзайым болып, концерттік кеш­терді тамашалай алады.

а

Кеше онда «Асыл мұра» қол­өнер шеберлерінің облыстық фестивалі басталды. Фестивальда өңірдің үздік шеберлері бұйым­дарын көптің назарына ұсынды. Ұлттық мұраны наси­хаттауға, шығармашылық бастама­лар­­­ды қолдауға бағытталған іс-шара биыл үшінші мәрте өтіп отыр. Фестиваль қоры­тын­­дысын­да «Ала­ман құ­рақ-2025» байқауы­­ның жеңім­­паз­­дары марапатта­ла­ды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, этноауыл аумағын­да 1-10 тамызда қазақ күресі, таек­вон­до, садақ ату, қол күресі, дой­бы, тоғызқұмалақ, турникке ­тар­тылу, гір тасын көте­ру, асық ату сынды ұлттық және за­ма­­науи спорт түр­лерінен қала­­лық ашық чемпио­наттар өтеді.

 

Арбаттағы көрме

Семейдің Арбат алаңында да мерекелік іс-шаралар басталды. Соның бірі – танымал иллюстратор, суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» көрмесі.  Ұлы ақынның мерейтойына орай ұйым­дастырылған көрмеде өмір, руха­ният, ішкі әлем, қоғам туралы өнер туындылары философиялық тол­­­ғаныс пен заманауи образдар арқы­лы жұрт назарына ұсы­ныл­ған. Экс­­позиция қала тұр­ғын­­дары мен қо­нақ­­тарына эсте­ти­калық әсер сый­лап, той көркіне көрік қосты.

Аңсаған Мұстафа – әйел құқы­ғы, рухани құндылық, отба­сылық қарым-қатынас және ішкі әлем тақырыбын қоз­ғай­тын туындыларымен танымал. Суретшінің жұмыстары бір­неше халықаралық көрмеге қаты­сып, отандық БАҚ-та кеңінен талқыланып келеді.

Бұдан соң «Аспан Синема» жо­басы аясында Абай туралы фильм­­­дердің көрсетілімі өтіп, кеш «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адам­­­заттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық гала-концертке ұласты.

Абай тойының алғашқы күні осылай басталды. Бұл той жай ғана той емес, рухани жаңаруға жол сілтейтін ұстынға айналарына сенеміз. 

 

Абай облысы