Үкімет • Кеше

Сала қызметкерлері марапатталды

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов сала мамандары мен ардагерлерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті.

Сала қызметкерлері марапатталды

Премьер-министр өз сөзінде көлік-логистика секторының ел экономикасын дамытудағы басты рөлін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алды­мызға көлік секторының әлеуетін арттырып, Қазақ­станды сенімді транзит­тік хаб ретінде дамыту міндетін қойды. Бұл орайда жолаушылар мен жүк тасымалын қауіпсіз әрі үздіксіз қамта­масыз етіп отырған көлік қызметкерлерінің қажырлы еңбегі қашанда маңызды. Отандық көлік саласы биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша 22,7% деңгейінде қарқынды өсім көрсетті. Мұның барлығында өздеріңіз сияқты сала мамандары мен ардагерлерінің маңдай тері, адал еңбегі жатыр»,  деп атап өтті О.Бектенов.

Президенттің тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру мен еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша ауқымды шаралар атап өтілді. Қазір 13 мың шақырым автожол жөнделіп, 1,3 мың шақырымнан астам жаңа теміржол желілері, заманауи логистикалық хабтар мен әуежайлар салынып жатыр. 2029 жылға қарай ел аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің көлемін 100 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Транскаспий халықаралық көлік дәлізін қоса алғанда, мультимодальды маршруттарды дамытуға ерекше назар аударылмақ. Бл жобаны жүзеге асыру үшін Ақтау және Құрық порттары жаңғыртылмақ. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша биыл нау­рыз айында Ұлттық құрылтай отырысында Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша ТХКБ-ға шығатын «Орталық – Батыс» магистралінің құрылысы басталды, бұл елдің орталық және батыс өңірлері арасындағы мар­шрутты 560 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар авиация саласының дамуы да атап өтіл­ді. Еліміздің түгелдей дерлік әуежайында «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесі бар. Туризмді дамыту мақсатында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынуда. Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында жаңа жолаушылар терминалдары ашылды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр Қазақстан­ның көлік саласы тұтастай алғанда жаңа цифрлық шешімдерді, оның ішінде басқарудың автоматтандырылған жүйелерін, цифрлық диспетчерлендіруді енгізу нәтижесінде барған сайын технологиялық және клиентке бағдарланған сипатқа ие боп келе жатқанын атап өтті.

Олжас Бектенов Президент атынан еңбегімен көзге түскен қызметкерлерге көлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар табыс етті.

«Биыл Жұмысшы маман­дық­тары жылы аясында мемле­кеттік марапаттар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атағы енгізілді. Мұны Мемлекет басшысының және бүкіл Қазақ елінің өздеріңіз сияқты нағыз еңбек адамдарына деген шынайы құрметі деп қабылдаңыздар. Бүгін еліміздің басқа да өңірлерінде көлік саласының өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлерін ұлықтау рәсімі өтіп жатыр. Республика бойынша 200-ге жуық адамға мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар табысталады. Бұл – ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жатқан отандық көлік саласы қызметкерлерін қолдаудың айқын көрінісі», деп атап өтті О.Бектенов.

Марапатталғандар атынан Қанат Шаймин мен Әнуарбек Шұлғауов сөз сөйледі. Көлік саласының қызметкерлері Президентке ризашылықтарын білдіріп, олардың еңбегіне берілген жоғары баға Қазақстан игілігі үшін әрі қарай да адал жұмыс істеуге ынталандыратынын атап өтті.