
Кеш барысында күй өнерінің дарабозы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбековтің сырлы сазды, терең философиялық мазмұнға толы күй толғаулары орындалып, көрерменді көркем сезімге бөледі. Күй керуені хакім Абайдың өлеңдерімен өрнектеліп, Секен әндерімен әрленді. Күй мен поэзия, ән мен әңгіме ұштасқан кешке көрермен ықыласы ерекше болды.
– Абай тойы басталған күннен бастап «Ақ жауын» камералық оркестрімен бірге Абай облысының Мақаншы, Үржар, Аягөз аудандарында концерт қойып келдік. Бір қызығы, «Ақ жауын» оркестрі барған аудандардың бәрінде ақ жауын болды. «Ақ жауын – Алланың нұры» дейтін әжелеріміз. Тағы бір айта кетер жайт, облыс әкімі Берік Уәлидің ұсынысымен облыстық телеарнада ауа райы бағдарламасының фонына «Ақ жауын» күйін беріпті. Қытайдағы қазақ телеарналарында да «Ақ жауын» күйі берілетінін көргем. Содан ба, кейбір кісілер «Ауа райын» тартып беріңізші дейтін болыпты», деп ағынан жарылды күйші.
Күй кешіне көптеп жиналған облыс тұрғындары мен қала қонақтары, жалпы өнерсүйер қауым бекзат өнерге шынайы ризашылықтарын жеткізіп, қайта-қайта шатырлаған қошемет білдірді.
«Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі дәстүрлі саз өнері мен заманауи классиканы шебер ұштастырып, Абай шығармаларына арналған музыкалық интерпретацияларды жоғары деңгейде орындады. Оркестр репертуарындағы әрбір шығарма көрерменге терең ой салып, әсерлі әуен тыңдаушы жүрегіне әсем із қалдырғаны сөзсіз.
Абай облысы