
Көлеңке басы ұзарып, кеш түсе Семей жұрты Абай театрына қарай ағылды. Біз де осы нөпірмен бірге көрермен залына лап қойдық. Іште ине шаншар жер жоқ, орын жетпеген жұртқа тік тұрып концерт көруге тура келді. Кенет бұрыннан таныс, таныс та болса бөлек бір әуен сыңғырлап қоя берді. Абай елінің үш ішекті домбыра әуезі. «Көзімнің қарасы» күй болып төгілді. Шертіп отырған күйші, өнер зерттеуші – Рүстем Нүркенов. Дәулескер күйші Таласбек Әсемқұловтың қолынан күй үйренген, осы Шұбартаудың тумасы. Ал кеш шымылдығы ашылғанда сахна емес, Абай өмір сүрген сазды, сауықты бір кештің үстінен түскендей, көңілге түрлі ой салды. «Желсіз түнде жарық ай» әні сыбызғы тілінде, көне бір дәуірдің үніндей сызылды. Япыр-ай, бұл не құдірет деп тамсанып үлгердік. Сахна шымылдығы толық ашылғанда: «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар» деген жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзі экранда көрініс берді. Бұдан соң өнерпаздар бірінен соң бірі сахна төріндегі қазақы үйдің керегесін жағалай жайғасып, Абайдың сиқырлы музыка әлеміне көрермен көпшілікті еріксіз баурап ала жөнелді.
Әнші Перизат Тұрарова «Желсіз түнде жарық айды», сыбызғышы Талғат Мұқышев «Ертіс толқыны» халық күйін, Толғанбай Сембаев «Қор болды жанымды», Гүлдана Ноғайбаева «Татьянаның әнін» орындады. Көрермен құлақ күйі әбден келіп, көңіл бір әсем күйге орныққан кезде кеш тізгінін ұстаған радио журналисі, әнші Жасұлан Базарбеков ежелден елі аралас, қойы қоралас Ертіс-Баян өңірінен келген белгілі әнші Ербол Айтбаевтан қонақкәде сұраған.
Әнші Ербол Хамитұлы – Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса, Мұстафа Бүркітбайұлы, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды әйгілі әншілердің дәстүрін жалғаған аруақты өнерпаз. Аққөл-Жайылмадан келген қонақжай келмеген екен, Абай тойына «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің көптен айтылмай кеткен Қали Байжановтан жеткен нұсқасын орындаған. Әнші Е.Айтбаевтың айтуынша, Қали Байжанов Абай ауылында бір апта жатып, Абай әнін өз аузынан үйренген екен.
Көрермен ықыласына бөленген Е.Айтбаев бұдан соң Зілқараның «Жиырма бес» әнін орындады.
Кеш көрігін Клара Төленбаева қыздырды. Көрермен сахнадан түсіргісі келмей, қайта-қайта ән сұрады. Сол секілді Гүлмира Саринаны да Семей жұрты сағынғаны көрініп тұрды. Еркін де еркін самғатқысы келген ел қошеметке бөледі. Ал Алатаудың әнін әуелете келген Ерболат Шалдыбеков Жамбыл жырымен кеш алауын жандыра түсті. Абай атамыздан қалды дейтін күй мұрасын Рүстем Нүркенов пен Дарын Құдайберген күмбірлетті. Ал Ерлан Рысқали баяғының сал-серілеріндей ойнақы әуендерді құйқылжыта орындап, тыңдарман делебесін қоздырды. Кештің құрметті мейманы белгілі әнші, халық әртісі Рамазан Стамғазиев Біржан сал әндерін орындап, кешті жоғары деңгейге көтерді.
Жалпы, кеште Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев, Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіман, Талғат Мұқышев, Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Берік Омаров, Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Перизат Тұрарова, Талғат Абуғазы, Төлеутай Серіков, Гүлдана Ноғайбаева, Рүстем Нүркенов, Дарын Құдайберген, Жасұлан Тәжиев, Диас Мұратхан, Дария Бекпенбетова, Айдос Саниязбек, Біржан Айтахметов, Айдан Бауыржанұлы, Таңат Мұқашев сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Бірер меймандарды айтпағанда, бәрі де Абай елінің тумалары. Ал осынау керемет кештің бас режиссері – Жұлдызбек Жұманбай екенін де айта кеткен жөн.
Бұл концерттің негізгі жаңалығы – Толғанбай Сембаев «Қор болды жаным», Еркін Шүкіман «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерін қайта жаңғыртып, үлкен сахнаға алып шыққаны дер едік.
Кеште Абай, Біржан сал, Шәкәрім, Уәйс, Мұхаметжан Майбасарұлы, Ақылбай Абайұлы, Майра Уәлиқызы, Жәнібек Кәрменовтің әндері орындалды. Дәстүрлі өнер деген киелі мұра екенін осы кеш дәлелдегендей болды. Бұл кештің мұндай жоғары деңгейде өтуінің өзіндік себебі де бар екені рас. Оның сыры – бұған дейін қалыптасқан дәстүрінде жатса керек. Абай елінің ән өнері Әлмағамбет Қапсалямұлы, Мұхаметжан Майбасарұлы, Әміре Қашаубаев, Мәдениет Ешекеев, Тұрсынғазы Рахимов, Жәнібек Кәрменов, Болат Сыбанов, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков және т.б. әншілер арқылы дәстүрлі өнердің мұрты бұзылмай, шеті сөгілмей бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Абай облысы