Өндіріс • Бүгін, 09:25

Арнайы техникаға сұраныс артты

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компания өкілдері Ақтөбедегі арнаулы техника шығаруға маманданған «Truck Center» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Жылына 300-ден астам көлік құрастырып, сатылымға шығарып отырған кәсіпорын өнімдері индустриялық және сапа сәйкестігі сертификаттарымен расталған.

Арнайы техникаға сұраныс артты

«Мұндай кездесуді ұйымдастырудағы мақсат – ірі компаниялардың елімізде құрастырылған көліктерді сатып алуына мүмкіндік беру, осы жолдағы түйткілді мәселелерді бір үстел басында талқылау», дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрлан Құсаев.

Кәсіпорын 2018 жылы құрылды. Алғашқыда сырттан арнаулы техника тасыса, бірте-бірте әлемдегі ірі автокөлік шығаратын бірнеше зауыттың көлік сату, сервистік қызмет көрсету және қосалқы бөлшектер жет­кізумен айналысатын дилеріне айналды. Тәжірибе жинай келе, өндірісті де жол­ға қойды. «Жасыратыны жоқ, біз­­де инженер-техник мамандар, конс­­трук­торлар жетіспейді. Кәсіптік-тех­ни­калық колледж студенттерін оқы­тып-үйретуге шақырамыз», дейді «Truck center» ЖШС директоры Майя Резе.

Кейінгі жылдары елімізде жанғыш, тез тұтанатын қоспалары жоқ сұйық қалдықтарды тасы­малдауға арналған вакуумдық көліктер, бірнеше қызметті қатар атқаратын коммуналдық техника түрлері үлкен сұранысқа ие болып жүр. Соған орай мұнда негізінен, «КамАЗ» шассиіндегі аралас жол көліктері, вакуумдық автотехника, баллон тасуға, қоқыс шығаруға арналған көліктер құрастырылады.

ддд

«Жақында Ақтөбе қаласы­ның тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізден бірнеше вакуумдық автокөлік сатып алды. Өндіріс­те техникалық тапсырмаларды үш конструктор орындайды. Көліктерді тапсырыс берушілердің қалауымен өзгертіп те береміз. Мәселен, қаладағы коммуналдық су шаруашылығы мекемесі апаттық-құтқару жұмыстарына мамандарын таситын көлік төбесін жабдықтарын орналастыратындай етіп өзгертуге тапсырыс берді. Сондай-ақ бір облыстың төтенше жағдайлар департаментінің рейдтік жұмыстарға арналған 28 орындық көлігін құрастырып, ішкі қабырғасы мен бұрыштарының беріктігін күшейттік. Тағы бір өңірдің жол-көлік бақылау басқармасына тиесілі «Газель» көлігіне жылжымалы автоматтандырылған өлшеу кешенін орнатып жатырмыз. Мұндай көліктер аяз бен боранда, күз бен көктемнің лайсаң, тайғақты күндерінде сырттағы жолдарда бақылау жүргізуге жайлы әрі жабдықтарды орналастыруға қолайлы. Кинологтерге арналған тағы бір көлікті қайта жабдықтап жатырмыз», дейді «Truck Center» серіктестігінің иесі Иван Захаров.

Қазір тасжолдарда жүруге лайық­талған ірі көліктерге қарағанда ша­руа­шылыққа қолайлы шағын көліктер сұранысқа ие. Мәселен, ауыл шаруашылығында жер жыртып, жүк тасып бірнеше қызметті қатар атқаратын, соқасы мен тіркемесі бар, бағасы қолжетімді шағын тракторлар көптеп қажет. Жоғарыда атап өткеніміздей, қоқыс жинап, көшені сыпырып-жуып, бірнеше қызметті қатар атқаратын техникаға да сұраныс жоғары. Орман өрттерінің көбеюіне байланысты енді тұтанған жалын ошағына жедел жететін ыңғайлы көліктерге де тапсырыс жиі беріледі. Мысалы, «Пикап» көлігіне 800 литрге дейін су құйылған бөшкелер сыяды және құрал-саймандарды алып жүруге болады. Жобалап-құрастырушылар орман шаруашылығы мекемелері үшін пикаптардың артқы тіркемесіне биіктеу етіп қоршалған жалпақ жүк алаңын құрастырып жатыр.

Кәсіпорын тұтынушыларына сервистік қызметті де ұсынады. Зауыт­тың жылжымалы-мобильді 14 көлігі барлық өңірге барып, бұзылған техникаларды жөндеп беріп жүр. Жақында зауыт аумағында құрастырылған көліктерді сынақтан өткізетін лаборатория ашылмақ.

 

Ақтөбе облысы