
Сурет: gov.kz
Жер учаскелерін сату аукционы алдағы 20 тамыз күні өтеді. Бұл жолы Алматы облысында орналасқан 5 жер учаскесі сауда-саттыққа шығарылады. Лоттардың жалпы бастапқы құны 851 215 517 теңгені құрап отыр.
Сауда онлайн-форматта өтетіндіктен бұл әдіс еліміздің кез келген азаматына кез келген жерден қатысуға мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, қайтарылған активтерді басқару компаниясы барлық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр және активтер туралы толық ақпаратты, соның ішінде сипаттамасы мен бағалау құнын ашық жариялайды. Ал аукционға қатысу шарттарын E-Qazyna платформасынан таба аласыз.
Сондай-ақ «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС 2025 жылғы 30 және 31 шілде күндері E-Qazyna электрондық платформасында өткен аукциондық саудалардың сәтті аяқталғанын да хабарлады.
«Сауда-саттық барысында 14 эксклюзив қолсағаты және «Бата», «Беташар», «Сүйіндір» коллекциялық монеталары сатылды. Жалпы мәміле сомасы 117 680 040 теңгені құрады.
Сауда-саттық барлық қатысушы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық әрі ашық әдіс аясында өтті. Сауданың электрондық форматы ашықтықты арттырып, үдеріске әділетсіз жолмен араласу мүмкіндігін болдырмайды», делінген компанияның ресми хабарламасында.
Компанияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, сатылым алдындағы дайындықтың да ерекше назар аударарлық тұстары болған екен. Себебі ол активтердің сәтті сатылуында шешуші рөл атқарған.
«Барлық сағат бұрын пайдаланылғанына қарамастан, сатылым алдындағы сапалы дайындық олардың аукционда тиімді бағада ұсынылуына мүмкіндік берді. Нәтижесінде, сатып алушылар сағаттардың жай-күйі мен құндылығын жоғары бағалады.
Аукцион қорытындысы бойынша 14 қолсағат жалпы 117,6 млн теңгеге сатылды, ал бастапқы бағасы 102,5 млн теңгені құрады. Құн өсімі 14,7% болды, бұл компанияның активтерді сату жөніндегі стратегиясының тиімділігін айқын көрсетеді», дейді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» бас директоры Қуанышбек Мұқаш.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, сауда аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жеңімпаз бен сатушы арасында сатып алу-сату шарты жасалады. Актив жеңімпазға тек шарт талаптарына сай ақшалай қаражаттың толық көлемі сатушының шотына түскеннен кейін ғана беріледі.
Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Бұл қордың қаражаты білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік осал топтарды қолдау сияқты әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Ал қайтарылған активтерді сатумен айналысатын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің қызметі активтердің мемлекетке қайтарылуының тиімділігін, ашықтығын және қоғамға пайда әкелуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.