
Фото: climtech.kz
Бүгінде ғимараттарды желдету, кондиционерлеу жүйесі құрылыстың маңызды бөлшегіне айналған. Бұл жүйе ғимарат ішіндегі ауаны тазартып, қажетті мөлшерде жаңа ауамен орын толтырады әрі ылғалды реттейді. «BAZIS-А» компаниясының желдету учаскесінің бастығы Алексей Никишин заманауи кеңсе, тұрғын үй және өндіріс орындарында, кондиционерлеу жүйесі жайлылық пен қауіпсіздіктің негізгі кепілі екенін атап өтті. Өмірінің 25 жылын желдету және кондиционерлеу жүйелеріне арнап келе жатқан маман таңдаған кәсіби бағытына бір сәт те күмән келтірмеген.
«Біздің отбасымызда жұмысшы мамандарға құрмет ежелден ерекше. Себебі анам – құрылысшы, әкем – жүргізуші болып тер төкті. Еңбек қадірін жастайымыздан ұғып өстік. Әке-шешем жұмыстан шаршап келсе де, шаңыраққа күліп енетін. Осы әдемі әдет менің бойыма сіңірілді. Сондықтан желдету саласында еңбек ете жүріп, мұндай қызметті біз атқармасақ, кім еңсереді деп ойлаймын», дейді Алексей Анатольевич.
Кейіпкеріміздің айтуынша, жұмыстың ең күрделі бөлігі – бастапқы кезең, яғни жоба келген сәт. Сол кезде құжаттарды мұқият зерттеп, қандай жұмыстар атқарылатынын, қандай жабдық қажет болатынын анықтайды.
«Біз жобалық құжаттамамен егжей-тегжейлі танысамыз. Жобалау институтымен ықтимал кедергілерді талқылаймыз, қажет болса өзгерістер енгіземіз. Тек содан кейін ғана монтажға кірісеміз. Мен қазіргі командаммен 20 жылдан аса бірге жұмыс істеп келе жатырмын. Егер желдету арналары дұрыс төселмесе, жүйе мүлде жұмыс істемейді. Бұл, әсіресе адамдар мен техника көп шоғырланған кәсіпорындар үшін аса қауіпті. Өйткені сапалы желдету – өмірлік маңызы бар талап. Жазда – ыстық, қыста – суық болып, қажетті мөлшерде таза ауа келмесе еңбек өнімділігі төмендеп қана қоймай адам денсаулығына зарар келтіруі мүмкін. Сондықтан заманауи ғимараттардағы желдету жүйесі – жай қосымша емес, жайлы әрі қауіпсіз орта үшін міндетті шарт», дейді Алексей Никишин.
Ал бүгінде әке ізін басқан Кириллдің негізгі меңгерген мамандығы – бағдарламашы. Оның салаға аяқ басуы қызық оқиғамен астасып жатыр. Бірде ол әкесіне қолғабыс жасау үшін құрылыс нысанына барып, біржолата сол салада қалуды шешкен. Осылайша Кирилл кондиционерлеу жүйесі саласында 10 жылдан бері қызмет етіп жүр.
«Бағдарламашы жұмысын компьютер алдында тапжылмай отырып атқарады. Ал желдету жүйесін белсенді қимылдап орнатасың. Адамдармен тығыз қарым-қатынас құрасың. Маған қазіргі мамандығымның осы тұсы қолайлы болды. Мен жұмысымды ауыстыру ниетімді әкеме айтқанда бірден қолдау танытты. Сол сәттен әкем білгенімен бөлісіп, әрдайым көмек көрсетеді. Бұл қолдау отбасымда да, жұмыста да маңызды», дейді Кирилл Алексиевич.
Алексей Никишин енді шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Ол үшін маңыздысы тәжірибесімен бөлісіп, сала көкжиегін кеңейту.