Күрес • Бүгін, 08:45

11 медаль еншіледі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грекияда күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы (U-17) әлем чемпионаты аяқталды. Афинадағы доданы еліміздің грек-рим күре­сі шеберлері бес жүлдемен қоры­тындылады.

11 медаль еншіледі

Сурет: olympic.kz

45 кг салмақ дәре­жесінде күш сынасқан ақтө­бе­лік балуан Жаңажол Қуанышбек шеберліктің шынайы үлгісін көрсетіп, бас жүлдені олжалады. Шешуші белдесуде ұтылған Нұрдәулет Құмарұлы (48 кг) мен Нұрәлі Асқар (55 кг) күміс алса, Шәміл Досбол (65 кг) мен Марлен Мейірбекұлы (71 кг) қола медальды қанағат тұтты.

Қыздар арасындағы жарыс­та Мадхия Усмановаға тең келер ешкім табылмады. 57 кг салмақта сынға түскен ол италиялық София Риттер, канадалық Кай Несса Паре, украиналық Иванна Лукьяненко, жапониялық Саюки Танаданы тізе бүктіріп, финалда үндістандық Мони Монмен күш сынасты. Дәл осы балуанмен Усманова осыдан бір ай бұрын Азия біріншілігінде жолығып, жол берген еді. Бұл жолы Мадхияның мерейі үстем болып, әлем чемпионы атанды. Тағы екі аруымыз қола медальды қоржынға салды. Олар – Інжу Баққожа (43 кг) мен Шәкизада Дәулетхан (69 кг). 

Ал Еркін күрес шеберлері үш қола жүлде алды. 51 кг салмақтағы Данаел Әбдіқасым жартылай финалда америкалық Самуэль Рейес Санческе есе жіберіп, үшінші орын үшін бәсекеде грузиялық Темури Татарашвилиді тізе бүктірді. 60 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Бекасыл Асамбек үшінші орын үшін белдесуде ирандық Мұхаммедреза Мехрализадені жеңді. 80 кг салмақтағы Дінмұхаммед Қасымбектің жартылай финалда Парсы елінің пехлеваны Мұхаммадпаша Карамиге әлі жетпегенімен, қола жүлде үшін айқаста молдовалық Иван Паслариден айласын асырды.