
Әлемдік рекордты тіркеу рәсіміне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, аталған туристік кешенді салған меценат, жиһанкез, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақовтың Торғай өңіріне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
«Бүгін бәріміз тарихи сәтке куә болып отырмыз. «Ұлт жады» қабырғасы жай ғана мәдени нысан емес, халқымыздың өткені мен болашағын жалғайтын рухани көпір. Ұлт жадының тасқа басылған көрінісі. Мұндай нысанның Қостанай өңірінде орнатылуы да кездейсоқ емес. Торғай даласы қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын қастерлі мекен. Торғай – қазақ тарихындағы неше түрлі дүрбелең, сынақтарды бастан кешірген өңір. Осы игі істің басында тұрған, туған жері үшін тер төккен ел ағасы, меценат Сапар Ысқақұлына, ағамыздың қасында жүрген азаматтарға шынайы алғыс білдіреміз. Туристік хаб өңірлік туризм мен инфрақұрылымның дамуына серпін беретін ерекше мәдени-тарихи орталық болатынына сенімдімін. Біз облыс әкімдігі тарапынан мұндай игі жобаларды әрдайым қолдаймыз. Сапар Ысқақұлының туған жерге, елге жасап жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғана мысал, 2019–2020 жылдары ағамыз балаларға арналған жүзу бассейнін салып берді. Сол кездегі құны – 120 млн теңге. Қазір ондай бассейн салуға кем дегенде 1 млрд теңге қаржы керек. Жасөспірім балаларға, келешек ұрпаққа қажет осындай үлкен істі тындырған Сапар ағамызды нағыз батыр десек жарасады», деді әкім орынбасары.
Әлемдік рекордты тіркеу рәсімін Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицер Қуандық Құдайбергенов жүргізді. «Global Book of Records» өкілі алдымен тәуелсіз сарапшыларды ортаға шақырып, рәсімнің ережесін түсіндірді. Сарапшы міндетін кезінде Сирияның Қазақстандағы Құрметті консулы болған Дерех Самир Али, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм кафедрасының профессоры Орденбек Мазбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің жауапты қызметкері Жомарт Жеңіс, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Аманжол Күзембаев сынды ғалымдар атқарды.
Сарапшылар «Ұлт жады» нысанын көптің алдында тағы бір мәрте қарап шығып, екі ескерткіш тақтаны шешіп, астында сүйек топырағы бар-жоғын анықтап көрді. Одан кейін жарты сағат мәжіліс құрып, ресми құжаттарға қол қойды. Бас офицер Қуандық Құдайбергенов сарапшылар қорытындысы мен бейнеқұжаттарды әлеуметтік желі арқылы Мумбай шаһарына, «Global Book of Rekords» кеңсесіне жіберді. Ол жақтан жауап келген соң, көпшілікке аталған нысанның әлемдік рекордтар кітабына енгені, бұл – еліміз бойынша «Global Book of Rekords» тізіліміне тіркелген 10-нысан екенін жария етті.
«Шетелдік сарапшылар «Ұлт жады» қабырғасымен бұған дейін де жан-жақты танысып, зерттеді. Комиссия тіркеудің алдында осының бәрін талдайды. Біріншіден, басқа жерлерде капсулаға сүйек топырағын жинаған мұндай мемориалдық кешендер бар. 500-ден, 800-ден жинаған кешендер бар. Бірақ комиссия «Ұлт жады» мемориалдық ескерткішінің географиялық, хронологиялық тұрғыдан ерекше екенін көріп қайран қалды. Нысан Анарыс заманынан бастап қазіргі заманға дейінгі уақыт кеңістігін қамтиды. Мұнда әлемнің әр түкпірінде орналасқан 42 елден әкелінген батыр бабаларымыздың сүйек топырағы сақтаулы жатыр. Біздің басшыларымыз – Араб елдерінің шейхтары. Үлкен мүмкіндіктері бар. Кітабымыз негізінен Азия, Африка құрлығындағы ұлттарды, олардың құндылықтарын, дәстүрлерін ерекше дәріптейді. Дөрекі, оғаш рекордтарды тіркемейді. Айталық, шеге жұта аламыз, шыны шайнаймыз деген адамдар болды. Енді «Ұлт жады» әлемдік деңгейдегі сакралдық картаға енетін болады», деді Қуандық Құдайбергенов.
Әлемдік рекорд жарияланған соң, мінберге «Торғай тәжі» кешенінің авторы, меценат Сапар Ысқақұлы шықты.
«Торғай тәжі» кешенінің құрылысы әлі екі жыл жүреді. Бірталай жаңа нысандар қосылады. Оны өздеріңіз де көресіздер. Осы тұрғыда облыстың, ауданның әкімдігіне алғыс айтамын. Бізді қолдап, барлық жағынан да көмек беріп жатыр. «Ұлт жады» қабырғасы осыдан он жыл бұрын басталды. Ұлы бабаларымыздың тұлпарларының тұяғы қай жерге дейін жеткен екен деген ой мазалап, мен алты жыл ішінде бүкіл дүние жүзін аралап шықтым. Өзім құрылысшы болсам да, тарихты жаным қалап тұрады. Төрт құрлықты араладым. Қасымда журналист, оператор, ғалым азаматтар болды. Экспедициялық сапарымызды Алтайдан бастадық. Түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы екеуміз Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк бабаларымыздың ескерткіштерінен бастап, Моңғолияны араладық. Одан кейін келесі жылы Еуропаға кеттік, содан не керек, пандемияға дейін алты жыл бойы экспедицияда жүрдік. Осы алты жылдың ішінде бабаларымыздың сүйегі қалған қырықтан астам елде болыппыз. Осылайша, Еуропа, Азия, Африка, Америка мен еліміз аумағындағы ұлы бабаларымыз жатқан жерлерден арнайы капсуламен топырақ әкелінді. Амангелді ауылындағы «Ұлт жады» тағзым қабырғасына бабаларымыздың есімдері жазылған қара түсті «габро» ескерткіш тақталар орнатылып, астына жаңағы капсулалар салынды», деді меценат.
Әлемдік рекордты тіркеуге тәуелсіз сарапшы ретінде қатысқан тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлының айтуынша, аталған іс-шара мемлекетіміздің басты идеологиясының бірі – халықтың тарихи санасын оятуды көздейді.
«Сапар ағамыз тарихи сананы ояту жолында үлкен шаруа тындырды. Бұл кісіге ешкім тапсырма берген жоқ. Жүрегінің қалауымен арғы бабаларымыз барған жерлерге түгел барып, сол жердегі халыққа қазақтың кім екенін айтып жүрген азамат», деді ғалым.
Салтанатты рәсім барысында аудан жастары батыр бабаларымыздың сүйек топырағы әкелінген 42 мемлекеттің туын ортаға алып шықты. Одан кейін көпшілік жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады.
Қостанай облысы