Экономика • Бүгін, 09:20

Ел экономикасының қуатты күші

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тамыздың екінші жексенбісінде Құрылысшылар күні аталып өтеді. Бұл саласы – ел дамуының негізгі драйверлерінің бірі. Құрылысшылар – қала мен ауылдың көрікті сәулетін, келісті келбетін қалыптастыратын өрісті, өнімді еңбек саласының бірегей буыны.

Ел экономикасының қуатты күші

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кейінгі алты жылда ел көлемінде 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 871 404 пәтер пайдалануға берілді. 2025 жылдың алғашқы алты айында ғана 7,9 млн шаршы метр, 72 300 тұрғын үй тапсырылды. Бұл да болса – тұрақты өсу динамикасының нақты көрсеткіші. Сандардың сыртында қолайлы да заманауи өмір сүру ортасын жасайтын инженерлердің, сәулетшілердің, дизайнерлердің, құрыш қолды қарапайым жұмысшылардың ересен еңбегі тұр.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрі Ерсайын Нағаспаев: «Тұрғын үй құрылысын дамыту инвес­тицияның ұлғаюымен қатар жүреді. Алты жылда салаға 15,4 трлн теңге, осы жылдың алты айында тағы 1,5 трлн теңге тартылды. Қаражат тек жаңа үйлердің құрылысына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға да бағытталып отыр. Мемлекет басшысының биыл­ғы жылды «Жұмысшы ма­ман­дықтар жылы» деп жариялауы жұмысшы мамандықтар беде­лін арттыру жолындағы маңызды қадам болды», деп атап өтті.

аа

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

 

Басты көрсеткіш – адами капитал

Саланы дамытудың негізгі көрсеткіші – адами капитал. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлт­тық статистика бюросының дерек­те­ріне сәйкес, 2025 жылдың I тоқ­санындағы жағдай бойынша құ­рылыс саласында 106 мыңнан ас­там қызметші жұмыспен қам­тылды. Сала қызметкерлерінің орта­ша жалақысы – 485 мың теңге, бұл елдегі орташа айлық жалақы мөлшерінен (423 мың теңге) 14,8%-ға жоғары.

Елімізде ортамерзімді кезең­де кадрларға болжамды қажет­тілік шамамен 3 млн адамды құрайды, оның 7%-ы, шамамен 210 мың адам құрылыс саласына тиесілі. Мемлекет ұдайы құрылыс саласындағы адами капиталды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру жөнінде түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Айталық, бакалавриатқа түсуге 2025–2026 оқу жылында 77 мыңнан астам грант бөлінді, оның ішінде инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары бойынша жоғары білім алуға 22 мыңнан астам грант бөлінді. Техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыты бойынша 2024–2025 оқу жылының басынан 160 мыңнан астам адам, сондай-ақ жоғары бі­лім беру бағдарламалары бойын­ша 102 мыңнан астам студент оқып жатыр.

Колледж түлектерінің құры­лыс саласына жұмысқа орналасуы 82,7% құрайды. 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілердің 5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде мемлекеттік субсидия алуға мүмкіндігі бар.

 

Тұрақты өсім, тың мүмкіндік

Құрылысшылар күнінің тарихы өткен ғасырдың ортасында жаңа қалалар, зауыттар мен тұрғын үйлер қауырт салына бас­таған кезеңмен тығыз байланыс­ты. Сол дәстүр еліміз егемендік алған соң сәтімен жалғасты. Қала, ауыл, аудандарда құрылыс жұ­мыстары кең қанат жайды. 2024 жылы еліміз бойынша рекорд­тық 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жаңа пәтерлер саны 173 мыңнан асты.

Жеке тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылып келе­ді. Мәселен, 2019–2024 жылдар аралығында 183 мыңнан ас­там жер учаскесі инженерлік же­лі­лермен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, жеңілдетілген ипотека, жалға берілетін тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламалары аясында алты жыл ішінде әлеуметтік осал санат­тар 77 мыңнан астам жалға бері­летін пәтер, «Отбасы банкінің» жеңілдетілген қарыздары арқылы 80 мыңнан астам қолжетімді несие (2% мөлшерлеме бойынша – 22 022 займ, 5% мөлшерлеме бойынша – 58 450 займ) алды. Бұл игі шаралар азаматтардың жеке тұрғын үй салу мүмкіндігін кеңейтті, жаңа аудандардың дамуы­на ықпал етті.

 

Тұрғын үйден инфрақұрылымға дейін

Бұрынырақта құрылысшылар өнеркәсіп орындары мен жаңа қалалар салуға басымдық беріп келген болса, бүгінде олар тұр­ғын үй қорын да, инженерлік инфрақұрылымды да дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Кейінгі алты жылда халықты сумен қамту деңгейі өсті, қазір қа­ла­лардың 99,3%-ы, ауылдардың 97,5%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Соны­мен қатар кәріз-тазарту құрыл­ғыларын қайта жаңарту, жаңа жолдар салу, тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

Өңірлерде тұрғын үй-комму­налдық инфрақұрылымды дамы­тудың 2023–2029 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы шең­берінде кондоминиум нысан­да­рының барлық мүлкіне, оның ішінде қасбеттері мен шатыр­ла­рына күрделі жөндеу жүр­гі­зі­­ліп жатыр. Сондай-ақ өңір­лер­ге республикалық бюджет қара­жа­тынан көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізуге 7 жылға 0,1%-дық кредиттер бері­леді. Тек 2024 жылы ғана 233 көп­қабатты тұрғын үй күрделі жөн­деуден өтті. Соның арқасында мың­даған отбасының өмір сүру жағ­дайы жақсарды, тұрғын үй қо­рының сақталуы қамтамасыз етілді.

 

Сын-қатерлерді еңсеру

Құрылысшы мамандығы қа­шан­нан тек жасампаздықпен ғана емес, қалпына келтірумен де байланысты. Айталық, 2024 жылғы алапат су тасқынынан кейін, 17 мыңнан астам үй мен саяжай зардап шек­ті. Сол кезде ауылдарға, аза­мат­тарға кел­тірілген зиянды өтеудің тиімді тетігі нәтиже­сінде қысқамерзімде 9 156 үй жөн­деліп, 2700-ге жуық жаңа үй са­лынды. Сонымен қатар, кәсі­би мамандардың үйлесімді жұмы­сының арқасында жолдар, кө­п­ірлер, электр желілері, білім, мәдениет, спорт нысанда­ры қалпына келтірілді. Бұл жұ­мыс зардап шеккен азамат­тардың қалыпты өмірге ора­луын қамтамасыз етті, инфрақұ­ры­лымның болашақ сын-қатер­лерге тұрақтылығын арттырды.

 

Цифрландыру және инновация

Бүгінде құрылыс саласын­да «e-Qurylys», қала құрылысы кадас­тры сияқты автоматтандырыл­ған бақылау жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл бастамалар жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі әрбір кезеңді бақы­лауға мүмкіндік береді, үдеріс­тердің ашықтығын арттырады, стандарттардың сақталуына кепіл болады. Цифрлық технологиялар құрылысты жылдам, қауіпсіз, сапалы жүргізуге бірден-бір сеп.

Кейінгі жылдары құрылыс саласында ауқымды цифрлық трансформациялар жүзеге асып жатыр. Өнеркәсіп және құ­рылыс министрлігінің негіз­гі жобаларының бірі Бірың­ғай цифрлық экожүйені – қолда­ныстағы ақпараттық жүйелерді алмастыратын «Тапсырыс бе­руші­нің бірыңғай терезесін» енгізуі болды. Жаңа портал egov.kz платформасымен бі­ріктіріледі де, қала құрылысын жоспарлаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейін құрылысты сүйемелдеудің толық циклін қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде еліміздің инже­нерлік инфрақұрылымының 90%-дан астамы цифрландырылды.

Қысқасы, бүгінгі құрылыс алаңы – жай ғана ғимараттар тұрғызу емес, барлық азаматтарға қолайлы, қауіпсіз, заманауи орта қалыптастыру жөніндегі кешенді жұмыстың тоғысқан жері. Сол тұрғыда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев атап өткендей: «Өсіп келе жатқан урбанизация, қалалардың қар­қынды дамуы жағдайында құры­лыс саласы елдегі өсім, өмір сапа­сының қозғаушы күші, құры­лысшылардың тәжірибесі, кәсі­билігі мен адалдығы ел эконо­микасының сенімді тірегі болып қала береді».

Тұрғын үйлер салып, инже­нер­лік желілерді жаңартып, аса маңызды инфрақұрылымдық ны­сан­дарды жасап, отандық экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан мамандар қандай құрметке болсын лайық.