Театр • Бүгін, 07:55

Қуыршақ театрының қуанышы

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Францияның Авиньон қаласында өткен Халық­аралық «Off Avignon» фестивалі аясында әлем­дік театр кеңіс­тігінде беделі зор «Inter­national Shakespeare Festival Craiova» ұйымдас­тырған ерекше жоба жүзеге асты.

Қуыршақ театрының қуанышы

Бұл бастама Уильям Шекс­пир шығар­ма­ларының заманауи интерпретациясына арналған үздік спектакльдер мен театр ұжымдарын іріктеуді мақсат етеді. Әлемнің әр түкпірінен ұсынылған 18 театрдың арасынан іріктелген екі үздік ұжымның бірі болып Алматы қаласы Мем­лекеттік қуыршақ театры таңдал­ды. Өнер ордасы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклін қуыршақ бейнесінде сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.  

«Біз «Ромео мен Джульетта» спектаклін тамашалап, ерек­ше әсермен шықтық. Авиньон­дағы фестивальдың үздік туынды­ла­рының бірі деп айта аламын. Көзіме жас алған сәттер де бол­ды. Жоғарғы деңгейде сах­на­ланған, режиссурасы да, актерлік ойыны да керемет. Бізге осындай туындыны көруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз!», деп атап өтті «International Shakespeare Festival Craiova» – фестивалінің ұйымдастырушысы Андрей Стефанескью.

Айта кетейік, алдағы жылы режиссер Дина Жұмабайдың «Ромео мен Джульетта» спектак­лі қазақ тілінде әлемдік сахнаға жол тартып, жаңа биікке көтері­леді. Шекспир мұрасын жаңа көзқараспен талқылайтын, түр­лі мәдениеттерді бай­ла­нысты­ратын халықаралық диалог алаңына айналған Румы­­ниядағы бұл фестиваль – Ал­маты қаласы­ның Мемле­кеттік қуыршақ театры үшін Франциядағы «Off Avignon» жобасының табысты нәтижесі болды.

Театр әлеміндегі үздік шығар­машылық ұжымдармен байланыс орнату, кәсіби тәжірибе алмасу, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай көптеген маңызды мақсатты жүзеге асыр­ған «Off Avignon» фестивалі – Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының Франция, Англия, Германия, Италия сынды елдермен мәдени байланысын кеңейтіп, шығармашы­лық көкжиегін жаңа деңгейге көтер­ген маңызды көпірге айналды.