Абай • Бүгін, 08:10

Хакімнің аманаты

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар көптеп өтіп жатыр. Соның бірі – Қостанайдағы Жастар сарайында болған «Абай амана­ты» атты әдеби-сазды танымдық кеш.

Хакімнің аманаты

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Әділет департаментінің басшысы Әлия Аман­жолова, тарих ғылымдарының кандидаты Эльмира Наурызбаева қатысып, жазғы демалысын спорт, өнер, білім, еңбекке арнап жүрген жас талап шәкірттерге ұлы ақынның ұлағатты өмірі мен шығармалары жайында әңгімеледі.

Салтанатты кештің шымылдығы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы әзірлеген ақын өмірінің бір сәтін бейнелейтін сахналық көрініспен ашылды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов балаларға Абай мұрасының зерттелуі, танылуы, жариялануы хақында дәріс оқыды.

«Ғылыми зерттеулерге сүйенер болсақ, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінің бетінде Абайдың дүниеден өткенін хабарлаған қазанама жарияланды. Бұл – Абай есімінің басылым бетінде тұңғыш көрінуі еді. 1907 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ұйымдастырған басылымда қазанама тағы жарияланған. Абай дүниеден өткеннен кейін төрт жылдан соң 1908 жылы Орынбордағы «Уақыт» газетінде Абайдың өмірі, ақындық өнері туралы көлемді мақала шықты. Араға бір жыл салып, 1909 жылы Петербургте Кәкітай мен Тұрағұлдың ұйымдастыруымен «Ибрагим Құнанбаевтың өлеңдер жинағы» мың данамен жарық көрді. Сол кітап шыққаннан кейін Абай есімі әлемге әйгілі бола бастады», деді әкім орынбасары.

Абайтанудың алғашқы кезеңдеріне шолу жасап өткен Бақытжан Хаберұлы балаларға кезінде Бөкей ордасында шығып тұрған «Қазақстан» газетіне жарияланған «Әдебиет таңы» мақала­сында Абайға «бірінші ақын» деген баға берілгені, Алаш ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетіне басылған «Қазақтың бас ақыны» мақала­сының маңызы жөнінде әңгімелеп берді.

«Абай – ұлттық идеологияны ғылыми тұрғыда негіздеген бай әрі күрделі феномен. Ақын шығармалары қазақ халқының мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінің қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Абай ғылым мен білімді өмірдегі басты құндылық деп санап, жастарды білімге үндейді. Осы жерде адамгершілік пен елдікті жоғары қояды. Еліміздің ұстанып отырған саясаты да осы бағытта ілгерілеп келеді. Абай еңбексүйгіштікті басты өмірлік қағида ретінде ұсынды. Биыл білесіздер, Мемлекет басшысы бұл жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Әрбір адамның еңбекке бейімделуі қоғам өркендеуінің кепілі екені даусыз. Ұлттық бірлік, ынтымақ болмайынша, мұның бірі де орындалмайтынын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Маңайын татулыққа, бірлікке шақырып отырған сөздері мемлекеттік стратегиямызда бүгінде жалғасын та­уып отыр», деді Б.Нарымбетов.

абай

Қостанай өңірлік университетінің проректоры Эльмира Наурызбаева Абайдың «Толық адам» ілімі хақында ой толғады. Ал облыстық Әділет департа­ментінің басшысы Әлия Аманжолова данышпан ақынның қара сөздерін қазіргі құқықтық мәселелермен сабақтастыра отырып, хакім ойларының күні бүгінге дейін өзекті болып келе жатқанына тоқталды.

«Қазақстан – заң үстемдігі мен тәртіп ең бірінші орында тұратын құқықтық, демократиялық мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда, Абай ілімі біздің қазіргі заңдық, тәртіптік қағидаттармен тікелей байланысып жатады. Мысалы, Абай бесінші қара сөзінде елді тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жеу­ге үндейді. Ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік сияқты теріс қылықтардан аулақ болуға шақырады. Абай адамды оның ішкі сапалық қасиеттері арқылы түзеу керек дейді. Бұл да қазір біз жиі айтып жүрген құқықтық мәдениет деген ұғыммен тікелей байланысып жатыр. Мәселе заңның қаталдығында немесе оның көптігінде емес, сол заңға мойынсұнған саналы азаматтары көп қоғам ғана алға дами алады. Абай бір ғасырдан астам уақыт бұрын қоғамдағы тәртіп тәрбиелі адамнан басталады деп айтып кеткен. Жетінші, он тоғызыншы, отыз сегізінші қара сөздерінде ұлы ойшыл білімге құштарлық, қоғамға пайда тигізу туралы айтады. Бұл ережелер Ата заңымыздың 30 бабында бекітілген. Сонымен қатар Абай халық мүддесін көздейтін заңдарды қолдай отырып, сөз еркіндігі мен ой бостандығы туралы мәселе көтереді. Дана ақынның бұл ойлары қазіргі Конституциямыздың 33,34 баптарында көрсетілген құқықтық нормалармен астасып жатыр. Абай үшін тәртіп деген мәселе ар тазалығынан, ішкі мәдениеттен бастау алады», дейді департамент басшысы.

Кездесу барысында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, дәріскерлерге Абайдың өмірі мен шығармаларына қатысты сан алуан сұрақ қойып отырды. Оған тұшымды жауап берілді. Дәріс арасындағы сазды үзілісте облыстық филармонияның әншілері ақынның жүрек тербейтін әндерін орындады. Оқушылар қара сөздерін, өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Сондай-ақ Қостанай, Рудныйдағы бейнелеу өнері мектептерінің шәкірттері салған сурет көрмесі өтті. Іс-шараның соңында Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқады.

 

Қостанай облысы