
Алдымен қазақ күресі туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Күрес тарихы тереңде жатыр. Алтайдан Атырауға дейінгі иен даланы жайлап, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабамыз бас қосқан ас-тойларды күрессіз өткізген емес. Қарсыласынан күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандарды ежелден ерлік пен өрлікті құрмет тұтатын халық төбесіне көтерер еді. Қазақтың хас батыры Қажымұқан атамыздың есімі төл тарихымызға ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына қосылды. Қазақ күресі бойынша ең ірі жарыс 1938 жылы спартакидада өткізілген екен. Сол күннен бастап тұрақты ұйымдастырылуда.
Біздің кейіпкеріміз Әсет балалықтың әсерімен өзге де спорт түрлерімен айналысты. Бірақ, негізгі бағыт қазақша күреске кері әсері тиген жоқ, қайта шарболаттай шыңдала түсті. 2023 жылы Жалғызқұдық ауылында өткізілген облыстық турнирде екі күміс жүлдеге ие болды. Осылайша бала балуанның алдынан даңғыл жол ашыла бастады. Астана және Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысты облыстық, аудандық жарыстарда жүлдесіз қалған емес.
2024 жылы Әсет Қырғызстанда өткен әлем чемпионатында күміс және қола жүлдеге ие болды. 2025 жылы Өзбекстанда жұлдыздай жарқырап көрінді, әлем чемпионы атанды.
Әсет балуан ғана емес сабағын да жақсы оқиды. Пән олимпиадаларына үзбей қатысады. Қасындағы жора-жолдастарына қол ұшын беріп, көмек көрсетеді. Негізінде шын мықты мейлінше қарапайым әрі адамгершілік қасиеттерге ие болуы керек.
–Менің боз кілемдегі табысыма жаттықтырушым Халибек Салтанаттың қосқан үлесі көп, – дейді Әсеттің өзі.
Боз баланың табысына жерлестері үнемі қуанып отырады. Ауылдастарының аты озғаны оларға да мерей.
Ақмола облысы