
Айтысқа еліміздің әр түкпірінен келген он ақын қатысты. Алдымен іріктеу сайысында ақмолалық Еркін Советхан мен қостанайлық Салтанат Өтепбаева әп-әдемі қыз бен жігіт айтысын жасады. Қос ақын шама-шарқынша құрдастық қалжыңмен, әдемі әзілмен әдіптелген сөз семсерін сілтесті. Абайдың мол мұрасы, нақыл сөздері айтылды. Мұнан соң астаналық Тоба Өтелбай мен ереймендік Жаңылжан Жолдымұрат сөз сынасты.
Көрермен Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Берденбек Мырзат пен Сәттібек Серікболаттың айтысына разы болды. Әсіресе мектеп оқушысы Сәттібектің жыр семсерінің жарқылдағаны-ай. Тапқыр сөз, балталаса бұзылмайтын ұйқас қана емес, білім мен мағына үстеген жыр шумақтары жіпке тізген маржандай жарқырап, ой тұңғиығына тартқаны бар. Алматылық Нұрболат Серік пен көкшетаулық Мұхамед Қоңқаев та Бурабай баурайындағы жыр жарысының жүйріктері десек, артық айтпағандығымыз. Әсіресе Арқаға танымал ақын Мұхамедтің табан астынан тауып айтқан қарымта жауаптары көптің көңілінен шығып жатты. Ереймендік Ерлан Дәулет пен Арқалықтан келген Батырлан Сағынай жыр додасының шын жүйріктері еді.
Іріктеу сайысында жастықтың буымен сәл қиыс басқан, сүрінген тұстары да болмай қалған жоқ. Кейінгі толқын сахна мәдениеті, сөз киесі дейтін қасиетті ұғымдарды санасына сіңіре жүрсін деп айтуға мәжбүрміз. Бұл тарапта жөнсіз сөздің жүйесі жеке басқа тиісу төңірегінде. Абай әлемі туралы тақырып аз емес еді, ой да он сан. Әйтсе де, қалқиған құлақты, басты, шашты әжуалау келісімсіз еді. «Көш жүре түзеледі», сахнада ысылар, тәжірибе жинақтар, кейін бұл абырой әпермейтін жеңіл сөзді аузына алмас деп топшыладық.
Қорытынды айтыс Бурабай баурайындағы Ботай ашық аспан астындағы музейінде өтті. Батырлан Сағынай мен Сәттібек Серікболаттың айтысы шымыр да ширақ шықты. Әсіресе Батырлан ақын таным деңгейінің жоғары, білімінің бекемдігін айқын аңғарта білді. Көрермен айтыс әлемінің жаңа жұлдызы – Сәттібектің де сәтті қадамына ризашылық танытты. Азулы ақын Батырланнан ықпай, қапысын тауып қарымта сөз қайтара білген жас ақын ақыр соңында ағасына жол беретінін айтып, ізеттілік көрсетті. Мұнысы өзіне жарасып тұрды. Аға сыйлай білетін кейінгі ұрпақтың кішіпейілдігі қандай жарасымды. Мұхамед Қоңқаев пен Ерлан Дәуіттің айтысы да Абай әлеміне бойлап кірген салмақты айтыс санатында болды.
– Айтысқа қатысқан ақындардың бәрі дерлік Абай мұрасын ұлықтай білді, – дейді айтыстың жүргізушісі, белгілі айтыскер ақын, халықаралық айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Құдайберлі Мырзабек, – әрқайсысы өз танымындағы Абай бейнесін хал-қадерінше айтып берді.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша бас бәйгеге Батырлан Сағынай ие болса, бірінші орынға Мұхамед Қоңқаев көтерілді. Екінші орынға Ерлан Дәулет лайық деп танылды. Үшінші орын Сәттібек Серікболат пен Салтанат Өтелбаеваның еншісінде.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы