Жәдігер • Бүгін, 07:55

Абай мен Көкбайдың қағытпасы

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан 80 жыл бұрын Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесі қарсаңында, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылы 15 тамыздағы санында хакімнің Көкбаймен сөз қағытпасы жария­ла­ныпты.

Абай мен Көкбайдың қағытпасы

Хакімнің ақын шә­кірт­терінің бірі – Көк­бай Жана­тай­ұлының жас кезі екен. Ол ұс­таз-досы Абай Құ­нанбай­ұлына бір жағы әзіл, екінші жағы қа­ғыт­па өлең айтқысы келіп, былай депті:

«Жүрісім тұрысымның бәрі Абайша,

Абайдан кем боламын мен қалайша,

Көп закон, аз ғана ақыл өзімде бар,

Ашылып көкірегім кең сарайша».

Хакім жарықтық шәкіртінің сөз саптауына риза болып, бір күліп алып:

«Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға,

Екі көзіңді алартып,

Құр қарайсың аспанға,

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі кесел асқанға,

Өйткен адам жолығар,

Кешікпей-ақ нұқсанға».

Бұл қағытпаны газетке ұсынған – атақты абайтанушы Қайым Мұхамедханов екен. Газетте жарияланған нұсқаның соңына автор бұны «Көкбай­дың баласының аузынан жазып алдым» деп анықтама беріпті.

Жалпы, Абай мұрасын жинау ісінде Қайым Мұхамедхановтың еңбегі ерен. 2010 жылы Семей қаласында жарық көрген «Тарта көр, Семейімнің топырағы» атты кітаптың 5-бетінде: «Қайым Мұхамедханов 1940 жылдары Абайдың бұрын белгісіз болып келген 9 өлеңін тапты. Олар 1945 жылы жарық көрген ақын шығармаларының толық жинағына енді» деп жазылыпты. Жоғарыда табылған тоғыз өлеңнің бірі осы «қағытпа» екені анық.