
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өсімдік шаруашылығы облыстың ауыл шаруашылығының негізгі саласы ретінде азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, жалпы экономиканың тұрақтылығын да қамтамасыз ететіні белгілі. Назар аударарлық бір жаңалық, биыл алғаш рет агрономиялық кеңес құрылды. Кеңестің құрамына жауапты мекеме өкілдері, халық қалаулылары, білікті агрономдар мен ғылыми ұйымдар енгізіліп отыр. Жаңа құрылым ауыл шаруашылығы жұмыстарын ілкімді үйлестіріп, тұрақты бақылау жасап, тұқым сапасына және агротехникалық шаралардың мүлтіксіз сақталуын қадағалайды.
Өңір диқандарының ілкімді ісіне мемлекеттік қолдаудың әсері тиіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Осындай қамқорлықтың арқасында көктемгі егіс және агротехникалық іс-шаралар кешені өз уақытында өткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруді әртараптандыру жұмысы сәтімен сабақталып, жалғасты.
Жаздық егіс алқабының көлемі 5,3 миллион гектар. Өткен жылмен салыстырсақ, 128 мың гектарға көптеу. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар алқабы 4,7 миллион гектарға тең. Бидай егілген алқаптар көлемі 131 мың гектарға қысқарды. Есесіне, майлы дақылдар көлемі бұрынғы межеден асып, 495,4 мың гектарға жеткізілді. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, 2024 жылы 268,6 мың гектар егілген болатын. Кейінгі жылдары мал шаруашылығын дамытуға да мейлінше көңіл бөлініп отыр. Жемшөп дақылдары 167,9 мың гектарға егілді. Картоп пен көкөніс егілген алқаптар көлемі 8,7 мыңға жетті.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі қарбалас шақта кідіріссіз жұмыс істеу үшін жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Әр литрі 264 теңге болатын 76,6 мың тонна дизель отыны диқандарға бөлініп берілді. Осы арада дизель отынын жөнелту белгіленген кесте бойынша мүлтіксіз жүргізілетінін атап айта кету керек. Қас қағым сәті қымбат көктемгі егіс кезінде іс тетігін машина-трактор паркі шешетіндігі белгілі. Көктемгі дала жұмысына 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, оның 12,5 мыңы трактор, 16,9 мың дән сепкіш құрылғылар. Бір жақсысы, өнімділігі жоғары егіс кешендерінің саны 1,5 мыңға жетіп отыр.
Көктемгі егіс науқанын сәтті өткізгеннен кейін облыс диқандары егінді арамшөптерден, әрқилы аурулар мен зиянкестерден қорғау ісіне бел буып кірісіп кетті. Арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 4,2 мың гектарда жүргізілді. Бұл көлем 106 пайызды құрайды. Шегірткелерді жою, алдын алу жұмысы да талапқа сай деуге болады. 132,9 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді.
Жер емген диқандар үшін аса бір маңызды жай топырақ құнарлылығын азайтпау. 336 мың тонна минералды тыңайтқыш астықты алқаптарға сіңірілді. Өткен жылғы көрсеткіштен 78 мың тоннаға көбірек. Осы арада Үкімет резервінен бөлінген 12 миллиард теңгенің септігі тигендігін екпін түсіріп айта кеткеніміз шарт. Осы көмектің арқасында межеленген көлемде жоспарлы іс толық атқарылды. Бүгінде облыс диқандары отандық минералды тыңайтқыш өндірушілерден 303 мың тонна қажетті тыңайтқыш сатып алуға шарт жасасып отыр. Оның 273 мың тоннасы астықты алқаптардың топырағына сіңірілді.
Қаржыландыру мәселесі де оңтайлы шешілді. «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша қаржыландыру арналарын кеңейту есебінен 905 фермерге 117 миллиард теңге шамасында қолдау көрсетілді. Іске асырылып жатқан отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша машина-трактор паркі 10 пайызға дейін жаңартылып келеді. 2024 жылы жеңілдетілген лизинг бойынша 18,8 миллиард теңгеге 334 бірлік техника сатып алынса, биыл жыл басынан бері 29,6 миллиард теңгеге 734 бірлік техника алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 1,4 есе жоғары. Қаржылық қолдау да аз емес. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 233,5 миллиард теңге қаражат бағытталса, оның 63,3 миллиард теңгесі қайтарылмайтын субсидиялар.
Ендігі мәселе жерде өскенді жерде қалдырмай, уақтылы жинап алу. Бұл орайда жаңа егінді ысырапсыз сақтау үшін элеваторлар мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің талапқа сай қоймасы болуы қажет.
– Облыста сыйымдылығы 4,3 миллион тонна болатын 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов, – жалпы облыста 7,2 миллион тонна астық сақтайтын орын бар. Қажет болған жағдайда ылғалды және құрғақ дәнді сақтауға арналған астық қаптамалары кәдеге жаратылады.
Өңірде биыл орақ кезінде 264 астық кептіргіш пайдаланылмақ. Кептіргіштердің өнімділігі сағатына 9,7 мың тонна астықты кептіруге қаптал жетеді.
Егін орағына жеті мыңнан астам астық комбайны қатыстырылмақ. Оның 4,8 мың бірлігі жаңа заманғы өнімділігі жоғары комбайндар. Сондай-ақ 2,7 мың бірлік орақ пен 4,8 мың бірлік жүк көліктері де пайдаланылады. Қазір барлық техника 100 пайыз дайын. Әр литрі 254 теңгеден 84,4 мың тонна дизель отыны жеткізілмек.
Бүгінгі таңда күздік бидайды жинау науқаны жүргізіліп жатыр. Алғашқылардың бірі болып Зеренді ауданындағы «Зеренді сақтау өнімдері» және Сандықтау ауданындағы «Сандықтау агро» серіктестіктер бұл жұмысты бастап кетті. Диқандар егін орағын тамыз айының ортасы ауа бастамақ.