Өнім • Бүгін, 15:20

Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті баға қойылмайды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) белгіленген шекті бағалар жойылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сәрсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, бағаны шектеудің орнына сауда үстемесіне бақылау күшейтіліп, атаулы әлеуметтік көмек аясындағы қолдау тетіктері кеңейтіледі, деп жазады Egemen.kz.

Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті баға қойылмайды

Фото: gov.kz

«Баға реттеу саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды алып тастау көзделіп отыр. Оның орнына сауда үстемесіне бақылау күшейтіледі және атаулы әлеуметтік көмек аясындағы қолдау шаралары кеңейтіледі. Осыған байланысты тиісті заңнамалық өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді», дейді министр.

Серік Жұманғариннің айтуынша, қазіргі уақытта «Цифрлық азық-түлік ваучері» сервисі пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл жүйе арқылы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар ӘМАТ-ты үстемесіз, яғни сатып алу бағасымен сатып ала алады.

Сонымен қатар, шілде айында биржалық сауда мәселелері жөніндегі заң күшіне енді. Заңның мақсаты – сауда ашықтығын қамтамасыз етіп, әділ баға қалыптастыруға жағдай жасау. Құжат аясында «әлеуметтік маңызы бар биржалық тауар» деген жаңа ұғым енгізілді. Оған мұнай өнімдері, көмір, қант және басқа да маңызды тауарлар жатады. Жұманғариннің айтуынша, бұл баға мониторингін күшейтіп, тауар ағынын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.