
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыруда Семей қаласының Водный кентінде №52 жалпы орта білім беретін жаңа мектеп 2025–2026 оқу жылы аясында ашылады. Бұл жоба бойынша Абай облысындағы үшінші, ал Семей қаласындағы екінші мектеп.
Аталған Ашық есік күніне 100-ге жуық ата-ана, 60-тан астам оқушы және мектеп мұғалімдері қатысты. Ата-аналар мектептің спорт және мәжіліс залы, асхана, хореография залы, бастауыш пен арнайы пән кабинеттерін аралап көрді. Жиынның ашылу салтанатында №52 жалпы орта білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Тілек Сапышев мектептің ерекшелігі туралы айтты.
– Водный кентінде «Келешек мектептері» бастамасымен арнайы Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 оқушыға арналып салынған. Енді біздің балаларымыз жайлы да кең ғимаратта ғана емес, ең озық технологиялармен жабдықталған, заман талабына сай ортада білім алатын болады. Мектебіміздің ерекшелігі мол. Мәселен, бастауыш және орта буын сыныптарының жеке блоктерде орналасады. Бұл бастауыш сынып оқушыларының қауіпсіздігін арттырып, оларға өз жасына сай тыныш әрі ыңғайлы ортада білім алуға мүмкіндік береді. Орта буын оқушылары да өз кезегінде еркін әрі тиімді оқу үдерісіне бейімделе алады, – деді ол.
Тілек Отанұлының айтуынша, мектеп 600 оқушыға арналған. Мектеп аумағында және ғимарат ішінде көзі нашар көретін оқушылардың қозғалысына ыңғайлы болу үшін тактильді жолдар, барлық қабатқа ыңғайлы шығуға жеделсаты орнатылған. Негізгі пәндер бойынша 24 кабинет, 2 информатика кабинеті, роботтехника кабинеті, бағдарламалық жасақтамасы бар 30 интерактивті панель, 3 пәндік кабинеттер (1 химия, 1 физика, 1 биология), токарлық және металл өңдеу цехы, аспаздық бөлме, тігін бөлмесі, 166 орындық мәжіліс залы, 177 орындық асхана, оқу залы, жабық кітапхана қоры бар. Сондай-ақ STEM-зертханалар, хореография залы, коворкинг алаңдары, көлемі 36х18 м болатын үлкен спорт залы, бастауыш сыныптар үшін көлемі 9х18 м шағын спорт, ойын залы және мектеп алаңында футбол, волейбол, баскетбол, жүгіруге арналған 0,6 га спорт алаңы бар. Заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Мектепте өртке қарсы қауіпсіздік жүйесі жұмыс істейді.
Ашық есік күніне жиналған ата-аналар мен оқушылар жаңа мектептегі жайлылықты көрген олардың қуанышында шек жоқ.
Мектеп биылғы 1 қыркүйек – Білім күні салтанатты түрде ашылып, алғашқы қоңырауын соқпақ.
СЕМЕЙ