
9–10 тамызда өткен «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» атты екінші тестілеу блогына 2 597 үміткер қатысқан болатын. Іріктеу тәртібіне сәйкес, үшінші кезеңге ең жоғары балл жинаған 600-ден аспайтын кандидат (әр салалық бағыт бойынша – 100-ден аспайтын) жіберіледі.
Алайда бірдей нәтиже көрсеткендер болғандықтан, бұл жолы келесі кезеңге 683 үміткер өтті. Салалық бағыттар бойынша өту балы төмендегідей:
- Агроөнеркәсіп және экология – 13 балл;
- Сыртқы саясат және инвестициялар – 16 балл;
- Инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты – 20 балл;
- Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам – 18 балл;
- Цифрландыру – 18 балл;
- Экономикалық және қаржылық саясат – 18 балл;
Кандидаттардың толық тізімі pkrezerv.gov.kz ресми порталында жарияланды.
Үшінші кезең – «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» – биылғы жылдың 16 тамызында өтеді. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметке тән нақты жағдайларда басқарушылық шешім қабылдау қабілеті бағаланады.
Барлық қатысушылар 15 тамыз сағат 23:59-ға дейін (Астана уақытымен) жеке кабинеті арқылы тіркелуі тиіс. Іріктеу барысының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында прокторинг жүйесі қолданылады. Талаптарды бұзу – соның ішінде бөгде көмекті пайдалану, AnyDesk, TeamViewer секілді қашықтан басқару бағдарламаларын қосу, камера немесе микрофонды өшіру, смартфон мен құлаққап қолдану, тест мазмұнын көшіру – нәтижелерді жоюға негіз болады. Кандидаттар үшін арнайы нұсқаулық жеке кабинетте орналастырылған.