
Сурет: instagram.com/amanat.partiyasy
Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобасы аясында Момынов көшесінде салынып жатқан төрт жолақты өткелде жаяу жүргіншілерге арналған жол және бағдаршамдар орнатылады. Құрылыс өткен жылы қарашада басталды, қазіргі таңда нысанның 50 пайызы дайын. Мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
– Жол өткел «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр. Бұл – сайлаушыларға берген нақты уәделеріміздің бірі. Мен осы жобаның бағдарламаға енуіне бастамашы болып, қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Қазір нысанның құрылысы сәтті іске асуда, оны жеке бақылауымда ұстаймын, – деді Б.Нажметдинұлы.
Сонымен қатар Тіленшин көшесінде осыған ұқсас жол өткелі салынып жатыр, оның дайындығы – 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Ал Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев Жаңаөзен қаласына барды. Мұнда депутат газ өңдеу зауытының құрылыс барысын бақылады. Аталған жоғары технологиялық нысан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп жатыр. Жоба құны 216,8 млрд теңгені құрайды. Жаңа нысанның қуаты жылына 900 миллион текше метр табиғи және ілеспе газ өндіруге қауқарлы. Бұл – еліміз үшін аса маңызды стратегиялық нысан. Сондықтан жобаны 2027 жылға дейін іске қосу көзделіп отыр.
– Жаңаөзен қаласында жұмыс істеп тұрған ескі «Қазақ газ өңдеу зауыты» сонау 1973 жылы ашылған еді. Өндіріс қуатын арттыру мақсатымен салынып жатқан жаңа зауыт сұйытылған газ тапшылығын жояды. Нысан құрылысы талапқа сай салынып, белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс, – деді депутат С.Мұсабаев.
«Respublica» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында жүр. Сапар барысында ол ішкі туризмнің жай-күйін зерттеп, жергілікті кәсіпкерлермен, тұрғындармен кездесті.
Екатерина Смолякова Қатонқарағай мен Үлкен Нарын аудандарына және Бұқтырма су қоймасының жағалауына барды. Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлер палатасының туризм кеңесімен саланың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бас жоспардың болмауы, жарықтың жиі өшуі, интернет пен байланыс сапасының төмендігі, инфрақұрылымның әлсіздігі және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетінің жеткіліксіздігі. Бұл факторлар табиғи және экономикалық әлеуеті зор өңірде туризмнің дамуын тежеп отырғаны анық.
– Кәсіпкерлер инвестиция салуға дайын, туристер келгісі келеді. Бірақ қай жерде құрылыс жүргізуге болатыны, қандай нысандар жоспарланғаны белгісіз. Жарық жоқ, интернет нашар. Бұл – өңірді ілгерілетудің маңызды құралы. Мемлекет тарапынан бағдарламалар мен қолдау шаралары болғанымен, ШҚО-ның туризм әлеуеті әлі толық жүзеге асырылмаған, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Билік. Халық. Ынтымақ» атты аймақтық конференцияға қатысты. Іс-шарада қатысушылар көппәтерлі тұрғын үйді басқару және мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қызметін ұйымдастыру мәселелеріне айрықша назар аударды. «Менің үйім» Қостанай облыстық қауымдастығының төраға міндетін атқарушы Сайлау Асылбаев осы саладағы проблемалардың әлі де өзекті әрі өткір күйінде тұрғанын айтты.
– Қостанай облысындағы көпқабатты үйлердің жартысынан астамы әлі күнге дейін басқару нысанын айқындамаған. Соның салдарынан аулалар абаттандырылмай, жөндеу жұмыстары созылып келеді, ал тұрғындар өз қаржысының қайда жұмсалып жатқанын білмейді. Мүлік иелері бірлестіктері мен қарапайым тұрғындарға сауатты кеңес, жүйелі бақылау және тұрақты қолдау қажет. Біз депутаттармен, жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, бұл салада тәртіп орнатуға дайынбыз. Егер тұрғындар нақты нәтижені көрсе, МИБ-ке де, кондоминиумдарға да деген сенім арта түсер еді, – деді ол.
Бұдан бөлек Нұрлан Әуесбаев «Әуежай» шағын ауданының бастапқы партия ұйымы белсенділерімен жүздесті. Кездесу барысында ұйымның стратегиялық міндеттері, алдағы жоспарлары және тұрғындарды қоғамдық бастамаларға кеңінен тарту тетіктері сөз болды.