Қазақстан • Бүгін, 10:39

Халықаралық сарапшы Қазақстанның су саласындағы жұмыстарын жоғары бағалады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің Blue Peace Орталық Азия жобасының жетекшісі Александр Николаенко су дипломатиясы саласындағы Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын жоғары бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықаралық сарапшы Қазақстанның су саласындағы жұмыстарын жоғары бағалады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда аталған министрліктің құрылғанына небәрі екі жыл ғана болса да, ол елдің су шаруашылығын дамыту үшін қажет көптеген бағытты қамтыды.

«Солардың ішінде аса маңызды құрамдас бөлік – су дипломатиясы. Яғни Орталық Азия елдері арасындағы диалог алаңдары мен келіссөздер процестерін қамтамасыз ету, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы Қазақстан алдында тұрған мәселелерді шешу үшін мүдделі әріптестерді тарту. Бұл – өте күрделі үдеріс, алайда соңғы екі жылда Қазақстан республика мен халықтың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекетаралық әріптестікті дамытуға көп күш салып келеді», деді Александр Николаенко.

А.Николаенко Қазақстан мен Өзбекстанның Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы он гидробекетті автоматтандыру жөніндегі бірлескен бастамасын ерекше атап өтті.

Сарапшының пікірінше, министрліктің құрылуы Қазақстандағы су мәселелерін жоғары саяси деңгейге көтеріп, елдің алға қойған мақсаттарын іске асыруға деген ниетін айқындады. Мысал ретінде жаңа Су кодексінің дайындалуы мен қабылдануын келтірді.  

«Қазақстанда Су кодексін әзірлеу бірнеше жыл бойы жүргізілді. Дәл осы министрліктің құрылуы жобаны Парламент пен өзге де мемлекеттік органдар деңгейіне шығаруға мүмкіндік берді, өйткені келісу – өте күрделі процесс. Қазақстанның жаңа Су кодексінде тек ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де өзекті, жаңа әрі қызықты нормалар бар. Біз бұл нормалар Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің заңнамалық базасында да көрініс табады деп үміттенеміз», деді сарапшы.