Зерде • Бүгін, 07:48

Тың дерек, тосын пайым

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Өткен күннен белгі бар» депті бұрынғылар. Сол сияқты «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылы 18 мамыр күнгі санында тың дерекке толы һәм батыл көзқарас ұстанған «Қазақ халқының құрылу тарихы» атты жазба жарияланыпты. Бұндағы мәліметтер қазірдің өзінде құнды.

Тың дерек, тосын пайым

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мақала авторы – Халел Әділ­гереев (1906–1974) деген тарихшы. Бұл тұлға қазақтан шық­қан тұңғыш тарих ғылы­мының кандидаты һәм Екінші дүниежүзілік соғыстың арда­гері. Офицерлік шені – ма­йор. Соғыстан кейінгі жылдары ғалым Ермұхан Бекмахановты қолдағаны үшін саяси қуғынға ұшырайды.

Газеттегі жазбаға тоқталар болсақ, автор Х ғасырда өмір сүрген тарихшы Мақсудидың «Алтын тоғай» атты кітабында жазылған деректерді алға тар­та­ды. Онда Ежелгі Оғыз мем­ле­кетінің құрылымы үш ор­даға (үш жүз) бөлініп басқа­рыл­­ғаны туралы дәлел келті­реді әрі шығыстанушы ғалым Радловтың «ғұз» бен «жүз» бір ұғым деген тұжырымын қолдайды.

Одан кейін Жошы ұлы­сын зерттеген тарихшы Вассаф­тың еңбегіне сүйеніп аталған ұлыс құрамы: сақсын, қыпшақ, хорезм, бұлғар, қырым, үкек т.б. ірі тайпалардан құралғаны туралы жазады. Осылардың ішінде «қыпшақ» тайпасы­на арнайы тоқталып: «Қыпшақ­тардың мекен еткен жері Еділден шығысқа қарай созылып жатыр. Осындағы империя құрған қыпшақ-түркі тұқымдарын ХІІ ғасырда моңғолдар жаулап алып, олар Жошының ұлысына қа­рап қалды. Яғни Жошы ұлы­сы негізінде қалыптасқан моң­ғол үстемдігі, біріншіден, саяси күш болып топталған қып­шақтарды ығыстырды. Екін­шіден, бұл халықтың тұқым, ру жағында өзгерістер болды. Моң­ғолдар жаулап алғаннан кейін қазақ арасына моңғол ру­ла­ры еніп кетті», деп жазады.

Көптеген тарихшы Жошы ұлысын Шыңғыс қаған құрған Моңғол империясының батыс бөлігі деп таниды. Шын мәнінде, Жошы ұлысының этностық құрамы қыпшақтар екені анық. Ал тарихшы болса Ибн Нуралла Еломаридің (1299–1349) «Түрлі мемлекеттер тарихына шолу жолдары» атты жазбасында: «Алтын Орда бұрынғы қыпшақ елі. Моңғол жаулап алғаннан кейін қыпшақтар соларға бағын­ды. Мұнан кейін жаулаушы моңғолдар қыпшақтармен араласып, туыстасып кетті. Осының әсері моңғолдардың тегіне, расасына біткен сипаттарын жойып жіберді, олардың бәрі бір рудан таралған адамдай, дәлме-дәл қыпшақтар сияқты болып кетті», деген ­па­йымын алға тартады.