
Өңірге экономист, заңгер, есепші, психолог, көлік жүргізушісі, дефектолог, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің мұғалімдері, аспаз, наубайшы, жүн сұрыптаушы, сауда менеджері қажет. Жастарға арналған жәрмеңке өткізілетіні туралы әлеуметтік желі мен мемлекеттік мекемелер сайтына бірнеше күн бұрын хабарландыру берілді.
Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен іс-шараға жастардан өзге өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, борышкерлер, пробация есебінде тұрғандар да келді. Жұмыс берушілер қатарында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Ақтөбе хром қосындылары зауыты», «Қазақстандық мұнай жабдықтарын шығаратын зауыт», «№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ, «KazFelTec» ЖШС, «Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары бірлестігі, «Жасыл ел» жасағы, қаладағы №83, №59 орта мектеп өкілдері болды.
«Биыл Ақтөбе қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осымен жетінші рет өткізілді. Соның нәтижесінде 427 тұрғын жұмысқа орналасса, оның 108-і – жастар. Іс-шараға жұмыс беруші мекемелер өкілдері мен жұмыссыз азаматтар көптеп қатысты. Мұндай екіжақты жүздесулер өте тиімді. Өйткені өндіріс орындары өкілдері нарықтағы сұранысқа ие мамандықтар, кәсіби біліктілікті көтеру, қайта даярлықтан өту, әлеуметтік көмек түрлері туралы келушілерге жан-жақты ақпарат береді. Осы жолы жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орны, аға ұрпақ тәжірибесі сияқты шеберлік сабақтары да ұсынылып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдері мемлекеттік қызметші болуға ынталанған жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді», дейді Ақтөбе қаласы Мансап орталығы филиалының директоры Айна Мырзатаева».
Айта кету керек, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбе қаласында тұрақты жұмысқа 1473 жас орналасты. Соның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарына 37, жастар тәжірибесіне – 122, қоғамдық жұмысқа – 116, алғашқы жұмыс орнына – 16, тәлімгерлік бағытымен аға буынның жас маманды үйрету жобасына 4 адам қатысты. «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін 420 адам оқыса, электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға 338 жас азамат тартылды. 46 жұмыссыз жас мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіп бастады».
Қазірде Ақтөбе қаласы бойынша электронды еңбек биржасы порталында 2041 бос жұмыс орны жарияланған.
Ақтөбе облысы