Парламент • Бүгін, 16:23

Ауыл халқы өзекті мәселелерін депутатқа жеткізді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс депутаты, ЖСДП төрағасы, фракция жетекшісі Асхат Рақымжанов Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусовка ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың инфрақұрылымға қатысты көтерген мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл халқы өзекті мәселелерін депутатқа жеткізді

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ауылда инфрақұрылым, су тапшылығы, медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі мен дәрі-дәрмек мәселелері өткір тұр. Әсіресе тұрғындар қыс кезінде қарды ерітіп пайдалануға мәжбүр. Бұл жайтқа қатысты ауыл әкімі Анатолий Ташниченко 1 қарашаға дейін су қысымын қалпына келтіретіндігі жөнінде уәде берді.

Қарттарға арналған күндізгі стационардың жоқтығы, ауруханада қажетті төсек-орындардың жетіспеушілігі де ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Жаңа медициналық ғимараттың құрылысы тек 2027 жылы басталады. Бұдан бөлек, кездесуде дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі де егжей-тегжейлі көтерілді.

Асхат Рақымжанов бұл мәселелерді шешу үшін уақытша стационарды ұйымдастыруды, ауруханаларда медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды және дәрі-дәрмек сатып алу тәртібін қайта қарастыруды ұсынды.

Кездесу соңында Мәжіліс депутаты тұрғындардың маңызды талап-тілегін орындау тұрғысында жергілікті биліктің жедел әрекет етуі қажет екендігін баса айтты.

«Тұрғындар ауыз сумен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді және тіршілікке қажетті инфрақұрылымды дұрыс талап етіп отыр. Әкімдік халықтың нақты сұраныстарына жауап беруге тиіс», деді А.Рақымжанов.

Сонымен қатар депутат Белоусовка тұрғындарының сұрақтары мен ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтынын, ал олардың орындалу барысы депутаттың қадағалауында болатынын атап өтті.