Жастар • Кеше

Жастардың жаңашыл бастамалары

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар ресурстық орталықтарының (ЖРО) жетекшілеріне арналған оқы­ту­дың екінші легі басталды. Елі­міздің әр түкпірінен келген азаматтар елордада 22 тамызға дейін семинар-тренингке қатысады. Бұл кәсіби даму академиясы – Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті мен «Жастар» ғы­лыми-зерттеу орталығының бірлес­кен кешенді бағдарламасы.

Жастардың жаңашыл бастамалары

Мұндағы мақсат – жастар саясаты са­ласындағы кадрлық әлеуетті дамыту. Ака­демия тыңдаушылары тек теориялық білім алып қана қоймай, сонымен қатар интерактивті сабақтарға, нақты жағдайлар­ды талдауға және топтық жұмыстарға қаты­сады. Бұл формат жастар ресурстық орталықтарының күнделікті кездесетін нақты қиындықтарына икемделіп, алынған дағдыларды тәжірибеде тиімді қолдануға жол ашады.

Жалпы, биыл еліміздің әр өңірінен шамамен 200-ге жуық ЖРО қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Осылайша, кәсіби даму академиясы тәжірибе алмасудың, жаңа тәсілдерді әзірлеудің және жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби қауымдастығын қалыптастырудың маңызды алаңына айналып келеді.

Екінші лек негізінен дағдарыстық жағ­дайларда қазіргі заманғы басқарушы­лық және коммуникациялық дағдыларды қа­лыптастыруға, жастардың осал топтарымен жұмыс істеудің тәсілдерін меңгеруге және инклюзивтілік қағидаттарын дамытуға, аналитикалық әдістерді пайдалану және деректерге сүйенген басқарушылық шешімдер қабылдауға бағытталған.

Айта кетейік, 1 тамызда Павлодар қала­сында Мемлекеттік жастар саясаты мектебі аясында өңірлік семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шара ұзақмерзімді білім беру жобасының қорытынды кезеңі болды. Оған Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыс­тарынан жастар ресурстық орталықтарының 25 қызметкері қатысты. Оқу тренингтері барысында жастармен жұмыс істейтін мамандар цифрлық және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білімдерін кеңейтті. Сондай-ақ олар жастар саясаты аясында жобалық басқарудың негіздерімен танысты. Бұдан бөлек, қатысушылар жұмыс үдерістерін оңтайландыру үшін жасанды интеллектінің әлеуетін зерттеп, маңызды мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін тәсілдерді меңгерді.

Павлодардағы семинар бұған дейін Қосшы, Шымкент, Алматы, Орал қала­ларын­да өткен тренингтер сериясының қоры­тынды кезеңі болды. Жалпы алғанда, білім беру бағдарламасынан еліміздің барлық өңіріндегі жастар ресурстық орталықтарының 150-ге жуық маманы өтті.

Биылғы Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің негізгі мақсаты – жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, цифрлық дағдыларын дамыту және мемлекеттік жастар саясатын жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асыруға ық­пал ететін инновациялық құралдарды енгізу. Бұл өз кезегінде жастардың өзекті мәсе­лелері мен міндеттерін шешуде анағұрлым серпінді әрі сапалы тәсілдерді қолдануға негіз қалайды.