
Биыл форум шығармашыл жастар арасындағы цифрлық және инновациялық ынтымақтастықты дамытуға арналды.
Жиын қос халықтың тарихы мен мәдениетін зерттеудегі Шоқан Уәлихановтың еңбегі туралы «Чокан Валиханов: тарыхтын жарык жылдызы» атты деректі фильмінің тұсаукесерінен басталды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов, сондай-ақ екі елдің мәдениет, ғылым және шығармашылық саласының өкілдері мен зиялы қауым қатысты.
Аида Балаева Шоқан Уәлиханов еңбектерінің қазақ-қырғыз тарихындағы орнын ерекше атап өтті.
«Әлемге әйгілі «Манас» дастаны қырғыз ұлтының бойтұмары болса, оны алғаш рет қағазға түсіріп, көпке насихаттауда Шоқан Уәлихановтың еңбегі зор. Сондай-ақ оның «Ыстықкөл күнделігін» – қазақ-қырғыз бірлігінің ғылым мен руханияттағы жарқын көрінісі. Қырғыз бауырларымыз түсірген бүгінгі «Чокан Валиханов: тарыхтын жарык жылдызы» деректі фильмі тарихи әрі мәдени құндылығы зор, мағыналы туынды болады деп сенемін», - деді министр.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов екі елге ортақ тарихи тұлғалардың маңызына тоқталды.
«Қырғызстан мен Қазақстан тарихында Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сынды ұлы тұлғалар бар. Олар мәдени және рухани дәстүрлер арқылы қос халықтың бірлігі мен бауырластығына зор үлес қосты. Дәл осы қайраткерлер бүгінгі жастарға шабыт беріп, оларды жасампаздық жолын жалғастыруға жетелеп келеді», – деді ол.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиевпен кездесіп, мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, форум кретивті индустрия мен цифрландыру мәселелеріне назар аударды. «Жаңа буын AI-стартаптары: жергілікті идеядан жаһандық нарыққа» және «Ed-tech жобалары: жаңа сын-қатерлер» тақырыптарында панельдік сессиялар өткізілді. Оған 300-ден астам жас IT-кәсіпкерлер, стартапшылар, бағдарламашылар, блогерлер мен медиа мамандар қатысты.
Мемлекет басшысының Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Бішкекте Қазақстанның мәдениет күндері өткізілуде. Оның аясында «Қазақстан киносы күндері» ұйымдастырылып, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт ұсынылды.