
«Біз 1998 жылы конкурсқа қатысып, саябақты меншігімізге алдық. Ол кезде мұнда 5 аттракцион ғана бар еді. Саябақта қоршау, жарық жоқ, аллеяда сусыған құм жататын. Қиын кезең еді ғой. Қысқасы, саябақ ешкімге керексіз күйде қалған. Ол жылдары иелігімде жастық шығаратын цех бар еді. Сол цехты саудалап, осы саябақты алдық. Қаражат тапшы кезде қиыншылықты көп көрдік. Мұнда тіпті дәретхана да болмады. Жұмысшылар әзіл-шынын араластырып: «Егер сіз дәретхана салсаңыз, сізге ескерткіш қоямыз», деді. Сізге өтірік, маған шын, дәретхананың мәселесін айтып, сол кездегі әкім Болат Жылқышиевқа бардым. Ол кісі: «Дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Тек заң аясында істеңіз», деді. Ал заң рұқсат бермейді. Сол жылдары қоғамдық орында дәретхана дегеніңіз жер астында болуы керек екен. Мәселенің ушығып тұрғанын әкімге қайта жеткізген соң ғана рұқсат алдым», дейді орталық саябақтың иесі Асан Қошмамбетов сол жылдары туындаған қиындықтарды еске алып.
Қазір қарасаңыз, Тұрар Рысқұлов атындағы саябақ тотыдай таранып тұр. Мұндағы жанға жайлы атмосфера баршаны өзіне шақырып тұратындай көрінеді. Биік талдардың саясында тынығуды қалаған жұрт осы жаққа ағылып жатады. Ондаған аттракционға қызыққан жұрт балаларын осында әкеледі. Жұмысшылар саябақтың сәнін келтіру жолында ала таңнан қара кешке дейін тынымсыз еңбек етіп жатыр.
«Иелігімізге алған жылы саябақта талдар қурап жатты. Айтып-айтпай не керек, жедел іске кірістік. 6–8 жасар екі қызым 5–10 сантиметр сайын тал көшетін екті. Оларға бұл жұмыс оңай соққан жоқ. Қыздарым: «Әке, елдің балалары ойнап жүр ғой», дейтін. Қына ағаштың орнына мальба отырғыздық. Айтсаң, мақтанғандай боласың. Дегенмен ел аумағындағы көптеген саябақты аралап көрдік. Сонда сан түрлі аттракционы ең көп, түрлі талы мен гүлі жайқалып тұрған саябақ біздікі екеніне көзіміз анық жетті. Сондықтан 30 жылға жуық уақыт бойы атқарған еңбегімізбен мақтануға болатын секілді. Барымызды осы саябаққа салдық», дейді Асан Қошмамбетовтің жары Айдина Нұрлыбекқызы.
Саябақтағы сусыған құмнан аспанға көтерілген шаң жұрттың мазасын кетіретін. 90-жылдары келген жұрт пісте шағып, демалыс орнын қоқысқа толтыратын. Сол олқылықпен күресу мақсатында саябақ басшысы аумақты қоршауға бел буды. Қолға алған істі сәтімен аяқтады. Әуелі мұнда бар болғаны 5 аттракцион орналасса, А.Қошмамбетов саябақты меншігіне алған соң, мұндағы әткеншектер мен аттракциондар саны қырықтан асыпты.
«Саябақ ішінде салынған даладағы сахнаны келушілерге тегін береміз. Мұнда 702 орын бар. Цирк келсе де, концерт қоямыз деген әншілерге де тегін ұсынамыз. Тек тазалықпен айналысатын азаматтарға тиесілі ақыны төлесе болғаны. Сахнаны әйгілі Юрмаладағы жоба негізінде жасадық. Онда 1 500 орындық болса, біздің саябақтағы сахнада 702 орын бар. Айырмашылық сол ғана. Мұнда себезгі бөлмесі де, дәретхана да бар. 100 адамға арналған киім ауыстыру бөлмесі де қарастырылған», дейді А.Қошмамбетов.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандай да бір істі бастаудың машақаты көп еді. Одан бөлек, саябақтағы қызметкерлердің жалақысын уақтылы өтеу де оңай шаруа емес. Табыс табу жолында уақыт сұранысына сай іскер болуың керек. Жұмысшыларға жақсы еңбекақы төлеу үшін саябақ басшысы жаңа қадамға баруды жөн деп тапқан. Ол қызметкерлерімен ақылдаса келе, «күлкі бөлмесіне» қажетті «қисық айна» шығаруға тәуекел етіпті. Осылайша, табысты еселеуге ден қойған менеджер А.Қошмамбетов кейіннен артына шағын вагондар тіркелген трактор құрастырып, оны да нарыққа шығарыпты.
Қиын-қыстау кезеңде А.Қошмамбетовтің отбасы үшін несие алу да оңайға соқпады. Зайыбы Айдина Нұрлыбекқызының айтуынша, әуелі аналарына тиесілі үйді кепілге қойып, аттракцион алыпты. Кейіннен сол аттракциондарды тағы да кепілге қойып, жаңа аттракциондар алу арқылы саябаққа келушілердің санын арттырған. Осылайша, әр екі-үш жыл сайын саябақты түрлендіріп отырған. Сапаға мән берген басшылық барлық қиындыққа қарамастан, бағасы 100 мың доллардан асатын ресейлік әткеншектерді әкеліп жүрді. Айтуларынша, тек бір ғана аттракцион Қытайдікі екен.
«Алған аттракциондардың ең қымбатының бағасын 50 миллион деп есептейікші. Ол кезде билеттің бағасы – 200–300 теңге. Шығынды қайтару үшін қанша адам келуі керек? Аттракцион өз-өзін мүлде ақтамайды. Өйткені халық маусым-қыркүйек аралығында ғана келеді. Сондықтан қызметкерлермен ашық диалог орнаттым. Табыс артқан кезде олар да көп табыс тапты. Қанша қаражат түскенін өздері есептеп, электрикке қанша жалақы, басқаға қанша айлық төлейтінімізді солар шешті. Бюджетті өздері реттеген соң, маған айлық төлеу мәселесі жеңіл болды. Жұмысшылардың алдында адал болғанымнан ұтылған жоқпын. Олар маған қай кезде де сенім артады.
Ашықтық дегеніміз сол, өзіме көлік алу үшін де қызметкерлер-ден рұқсат сұрадым. Өйткені пандемия кезінде көлігімді сатып, жаяу қалған едім. Оларға ашық болсаң, құрметтесең, қызметкерлер де сені қадірлейді. Жұмысқа келе жатқанымда қызметкерлерім қандай талап қояды деп қаймығып отырамын. Басшы жұмысшыларымен есептескенде ғана жұмыс жүйелі жүреді», дейді А.Қошмамбетов.
Қазірде Тұрар Рысқұлов атындағы саябаққа келушілер саны аз емес. Әсіресе балдырғандар мұндағы «Аймер» аспалы арқанды аттракционына қатты қызығады. Сондай-ақ «Rollglider», «Манеж», «Петушок», «Гингант» аттракциондары мен саябақ ішіндегі түрлі үйірме балаларды өзіне шақырып тұрады. А.Қошмамбетовтің өз қолынан шыққан түрлі бұйым да балдырғандарды қызықтырады.
Қалай десек те, тәуекелге бел буып, тозған саябақты иелігіне алып, түлетуге, түрлендіруге ниет еткен А.Қошмамбетовтің іскерлігі көпке үлгі. Бүгінде саябақ басшысы 32 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Саябаққа келушілер саны артқан жаз мезгілінде тағы да қосымша қызметкерлер алады. 32 адамға жыл он екі ай жалақы төлеу оңайға соқпаса да, іскер азамат білікті мамандардан айырылып қалмау жолында жанын салып еңбек етіп жатыр.
ТАРАЗ