
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 451,4 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемдері жүзеге асырылды, оның ішінде:
-
Базалық зейнетақы төлеміне – 793 млрд теңге,
-
Ынтымақты зейнетақы төлеміне – 1 трлн 658,4 млрд теңге бағытталған.
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 097 теңгені құрады.
Оның ішінде:
-
Ынтымақты зейнетақы – 95 491 теңге,
-
Базалық зейнетақы – 47 606 теңге.
Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындаған болжамды инфляция деңгейіне (6,5%) сәйкес ұлғайтылды, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсті, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға артық.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс минимумының 70%-ына, ал ең жоғарғы мөлшерін 120%-ына дейін кезең-кезеңімен жыл сайын арттыру жүзеге асырылып жатыр.
Осыған сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 65%-ынан 70%-ына дейін ұлғайтылып, 32 360 теңгені құрады, ал ең жоғарғы мөлшері 105%-дан 110%-ға дейін өсіп, 50 851 теңгені құрады.
Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр алушыға жеке тағайындалады, оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.
Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер енгізіледі.
Мысалы:
-
Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ қатысу өтілі мүлдем болмаса, базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумының 70%-ын құрайды.
-
Әрбір қосымша жыл үшін бұл мөлшер 2%-ға артып отырады.
-
Мәселен, 20 жылдық қатысу өтілінде базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 90%-ын құрайды.
-
30 жыл және одан да көп өтіл болған жағдайда базалық зейнетақы ең жоғары мөлшерде — күнкөріс минимумының 110%-ы көлемінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) бірнеше рет МЗЖ аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бәрібір бір ай болып есептеледі.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты әрі толық көлемде төленсе, зейнет жасына жеткен кезде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де соғұрлым жоғары болады.
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтіліне (кемінде 6 ай қажет) және зейнет жасына дейінгі орташа айлық табысқа байланысты.