Технология • Бүгін, 18:41

Қостанай облысы жасанды интеллектке басымдық беретін цифрлық трансформация стратегиясын ұсынды

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

21–22 тамыз күндері Қостанайда Qostanai Investment Forum 2025 өтті. Ол аймақта цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тарту мәселелеріне арналған ең ірі өңірлік алаңға айналып, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес-қоғамдастық пен IT-индустрияның өкілдерін біріктірді, деп жазады Egemen.kz.

Қостанай облысы жасанды интеллектке басымдық беретін цифрлық трансформация стратегиясын ұсынды
 
 

Форум қарсаңында, 21 тамызда, өңірдің цифрлық инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған маңызды бастамалар іске қосылды. Атап айтқанда, ұялы байланыс базалық станциялары жобасының екінші кезеңіне старт берілді. Оның бірінші кезеңі өткен жылдың желтоқсанында іске қосылып, облыстың 15 ауылында тұрақты ұялы байланыс қамтамасыз етілген болатын. Инициативаны жалғастыру мақсатында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Beeline Қазақстан компаниясының басшылығы, соның ішінде Рауан Қабдрахимов, телекоммуникациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Облыс басшысы бұл жобаның мемлекет пен бизнестің әріптестігі нәтижесінде жүзеге асып жатқанын және әрбір тұрғынның өзін бірыңғай цифрлық кеңістіктің бір бөлігі ретінде сезінуіне бағытталғанын атап өтті.

Сол күні, 21 тамызда, Qostanai Hub алаңында стартап-қоғамдастыққа арналған іс-шаралар өтті. Дәстүрлі Pizza Pitch форматында жас кәсіпкерлер өз жобаларын сарапшылар алқасына және инвесторларға таныстырды. Сондай-ақ Forbes «30 under 30» тізімінің үздіктерімен кездесу ұйымдастырылды. Олардың арасында EasyTap платформасының негізін қалаушы Мазгұм Толеш, Спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Адина Магавина және IGPS Tech компаниясының теңқұрушысы Мирас Байжігіт бар. Бұл бастамалар өңірлік технопарктың инновациялар мен IT-қоғамдастықты қолдаудағы маңызын айқындады.

Форумның негізгі бөлігі 22 тамызда KIA Qazaqstan зауытында өтті. Мұнда өңір кәсіпорындарының цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект саласындағы әзірлемелері ұсынылған технологиялық көрме ұйымдастырылды.

Пленарлық отырысты қазақстандық сарапшы Рахым Ошақбаев ашты. Талқылауларда жасанды интеллектіні дамыту және цифрландырудың негізгі мәселелері қаралды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде бірқатар бағыттар бойынша жасанды интеллектінің іс жүзінде қолданылып жатқанын атап өтті. Жұмыс Мемлекет басшысы Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында қойған – жасанды интеллектіні өңірлерде белсенді енгізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ол агроөнеркәсіптік кешенде «ақылды фермалар» тұжырымдамасын іске асыруды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта жылу желілерінің құбырішілік диагностикасы сияқты технологияларды қолдануды қамтитын басым бағыттарды айқындады. Әкімнің айтуынша, Қостанай облысы инвесторлар мен IT-компаниялардың назарын аударып отыр және инновациялар саласында көшбасшы өңірлердің біріне айналуға әлеуеті жеткілікті.

Пленарлық отырыста халықаралық және ұлттық сарапшылар сөз сөйледі. Қазақстандағы ЕО елшісі Алешко Симкич 2025 жылдың 1 тамызында күшіне енген Еуропалық Одақтың Жасанды интеллект туралы жаңа заңына шолу жасап, бет-әлпетті тану, предиктивті талдау және генеративті технологиялар сияқты жүйелерді реттеу қағидаларын түсіндірді. Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Astana Hub технопаркінің және оның Қостанайдағы филиалы – Qostanai Hub-тың маңызын атап өтіп, Startup Garage бағдарламасы аясында Қостанай облысы өтінім саны бойынша елде үшінші орын алғанын хабарлады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров цифрлық, «жасыл» және технологиялық жобаларға шетелдік инвестиция тарту тетіктерін айқындады.

Телекоммуникация саласының перспективалары туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин айтып, ұлттық бейнемониторинг жүйесі, AI-Mektep білім беру платформасы, орман өртін ерте анықтауға арналған дрондар мен жасанды интеллект технологиялары бойынша бастамаларды таныстырды. KIA Qazaqstan зауытының бас директоры Ким Дэ Ки өндірісте шамамен 70 өнеркәсіптік роботты енгізу жоспарын жариялап, автоматтандыру деңгейі мен өнім сапасын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. METOS компаниясының өкілі Sergiu Smocinschi заманауи егіншілікте цифрлық деректердің маңызын, олардың өсімдік ауруларын болжауда және автономды техниканы қолданудағы рөлін атап өтті. Қазақстандағы IT-компаниялар қауымдастығының президенті Ирина Сулименко мал шаруашылығында жасанды интеллектіні қолданудың тәжірибесімен бөлісіп, жануар ағзасына енгізілетін сенсорлар негізінде фермерлерге алдын алу ұсынымдарын жіберетін «цифрлық ветеринар» жүйесін мысалға келтірді. Өз шешімін Мазгұм Толеш те таныстырып, бөлшек сауда және HoReCa секторы үшін сағаттық қызметкерлерді іздеуге арналған EasyTap онлайн-сервисін ұсынды.

Qostanai Investment Forum 2025 өңірдің цифрлық трансформация бағдарламасын іске асырудағы маңызды кезең болды. Шара Қостанай облысының цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп қана қоймай, стартаптар мен инвесторларға арналған толыққанды экожүйе қалыптастырып жатқанын көрсетті және жалпыұлттық даму басымдықтарына сәйкес инновациялар мен технологиялар саласында алдыңғы қатарлы позицияларды иеленуге ұмтылысын айқындады.