
Ерқожа Әлғожаұлы Тілепбердиев – 300-ден аса эстрадалық, дәстүрлі, классикалық шығармалардың ән мәтіндері мен 50-ге жуық әндердің, бірнеше жыр-жинақтардың авторы. Сондай-ақ ол 5-ші дүниежүзілік Көшпенділер ойынында орындалған «Біз біргеміз!», композитор С. Еркімбековтың Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай арнап жазған «Дала қызы», Екінші дүниежүзілік соғыстың 80-жылдығына арналған «Қарулы күштер», «Ардагерлер», «Қауіпсіздік қорғаны», «Әскери керней» атты шығармалардың мәтіні мен әндерін жазған.
Терең ойлы, ерекше мінезді сазгердің халық батырлары Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетовке, ақиық ақын Мұқағалиға және т.б. арнаған өлең жолдарын оқырмандары жатқа айтады. Ерекше атап өтерлігі, Ерқожа Тілепбердиев Райымбек батырдың жетінші ұрпағы. «Райымбек батыр» әнінің сөзін өзі жазған. Дәстүрлі ән сарынында жазған әндері де аз емес. Оның ішінде «Беу дүние», «Жер сұлуы Қарқара», «Аттанғанда» әндері бар.
Концерттік бағдарламада автордың көпшілікке беймәлім, әскери-патриоттық, классикалық, лирикалық және эстрадалық әндері шырқалады. Оған қоса Ерқожа Тілепбердиевтің өлеңдеріне ән жазған композиторлар мен оның әуендеріне сөз жазған ақындардың да танымал туындылары орындалады. Кеш барысында «Әскери керней», «Жұмақ мекен», «Сапта тұрған сақшы қыз», «Қазақстаным – Отаным менің», «Офицер мырзалар», «Ұландар маршы», «Абылай хан», «Беу дүние-ай», «Сағынышым туған жер» және т.б. туындылар көрермен назарына ұсынылады.
Іс-шарада Қазақстанның өнер жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серік Еркінбеков, Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Нұрболат Арзамас, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев, танымал опера әншісі Айзада Капонова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айбек Әбдіашимов, Біржан Айтахмет, Айдос Саниязбек, сондай-ақ, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдерінің бишілері, «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театры мен «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері және мәдениет майталмандары өнер көрсетеді.
Сонымен қатар кешке Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен Ұлттық Ұланның ән-би ансамблінің солистері және әскери оркестрі, «Ерлер» хоры, Мемлекеттік күзет қызметі өнерпаздары, ҰҚК «Шекарашылар» ән-би ансамблі және Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпаздары қатысады.
Айта кетерлігі, бұл кеште алғаш рет «Қазақконцерт» әртістері мен Қарулы Күштер құрылымындағы өнерпаздар бірлесе өнер көрсетеді.
Әсем САҒИҚЫЗЫ,
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт»
мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының
баспасөз хатшысы