Ата заң • Кеше

Конституциялық реформалар – Әділетті Қазақстанның іргетасы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Конституция күні қарсаңында өткен 2022 жылғы конституциялық түзетулерге түсіндірменің 2-басылымының тұсаукесері барысында Конституциялық Сот өкілдері Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде қайта құрылған жаңа құқықтық институттың жұмысы туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Конституциялық реформалар – Әділетті Қазақстанның іргетасы

Конституциялық Сот өз жұмысын 2023 жылғы 1 қаңтарда бастады. Конституциялық Соттың судьясы Еркін Оңғарбаевтың айтуынша, Конституциялық Соттың бұрынғы Конституциялық Кеңестен басты айырмашылығы – азаматтардың тікелей жүгіну құқығының пайда болуы.

«Бұрын мұндай құқық болмаған. 2023 жылғы 1 қаңтардан осы күнге дейін Конституциялық сотқа келіп түскен өтініштерді қарасақ, азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Басқа мемлекеттік органдардың, Президенттің, Парламент депутаттарының өтініштері бар. Алайда, 99%-ы – азаматтардың тікелей өтініштері. Әрине, бұл — демократиялық мемлекеттің дамуы жолындағы үлкен серпіліс. Президентіміз жиі айтатын Әділетті Қазақстан идеясы – осы Конституциялық Соттың қызметі арқылы да іске асып жатыр»,  деді Еркін Оңғарбаев.

Оның айтуынша, Конституциялық Соттың құрылуы мемлекеттік органдарды тәртіпке келтіріп, заң шығару процесіне, соның ішінде Парламент пен Үкімет жұмысына әсер етеді.

«Конституциялық Сот өз жұмысын бастағалы бері 74 нормативтік қаулы қабылдады, олардың басым бөлігі – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған», деп нақтылады Конституциялық Сот судьясы.

Конституциялық Сот өз жұмысында халықаралық құқық қағидаттарына сүйенеді және Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясымен (Венеция Комиссиясы) тығыз ынтымақтастық орнатқан.

«1948 жылы БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Егер Конституциямызға қарайтын болсақ, онда осы адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарының барлығы дерлік біздің заңнамамызда көрініс тапқан. Біздің басты рөліміз – адам құқықтарын, олардың бөлінбейтін және абсолютті сипатын Конституциялық Сот арқылы қорғау»,  деді Еркін Оңғарбаев.