
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Қаржы министрі Мәди Такиев «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынып, елдің бас қаржы құжатының негізгі параметрлері туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2026 жылы бюджет кірістері 23,1 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңгеге дейін артады. Шығыстар 27,7 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Бюджет тапшылығы 2026 жылғы ЖІӨ-нің 2,5%-ынан 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендейді. Министрдің атап өтуінше, бюджет ұзақ уақыттан бері алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді пайдаланбай теңгерілді.
Сонымен бірге ол бюджет әлеуметтік бағдарланғанын, бірақ экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай ұлғайғанын жеткізді.
«Шығындарды оңтайландыру және басымдық беру бойынша жұмыс жүргізілді. Оңтайландырылған қаражат нақты секторға бағытталды. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар 10,9% - дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4,470 трлн теңгені құрады», деді Мәди Такиев.
Шығыстар құрылымында негізгі үлес дәстүрлі түрде әлеуметтік салаға тиесілі – жалпы шығындардың 38,7%-ы немесе 10,7 трлн теңге. Экономиканың нақты секторын дамытуға 3,6 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға – 732 млрд теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға – 855 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек республикалық жолдарды салуға мемлекеттік кепілдіктер тетігі арқылы 580 млрд теңге тарту көзделген. Күштік блок шығыстары 3 трлн теңгеден асады.
Премьер-министр Олжас Бектенов заң жобаларына қатысты пікір білдіріп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын еске салды:
«Президент бюджеттің теңгерімділігін сақтауды, республикалық және жергілікті деңгейлерде қаражатты сапалы жоспарлап, тиімді бөлуді тапсырды. Заң жобалары (жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі және 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы) бюджеттік параметрлерге сәйкес әзірленді, сондай-ақ мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барынша оңтайлы. Жалпы алғанда бюджет теңдестірілген және Мемлекет басшысының барлық стратегиялық бастамалары ескерілген. Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, өңірлерге базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуына теңдей жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған», деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар республикалық бюджет жобасын және жалпы сипаттағы трансферттерді әзірлеу барысында жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің ережелері ескерілгені атап өтілді.