
Бұл күн Қазақстанның бочча құрамасына түрлі дәрежедегі бес жүлде әкелді. Ұлттық құрама спортшылары тамаша ойын өрнегін көрсетіп, екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.
Алтын медаль иегерлері:
Итиана Шингисханова (BC2 санаты) финалда Оңтүстік Корея спортшысын 8:3 есебімен жеңіп, Astana 2025 World Boccia Challenger чемпионы атанды;
Балжан Бөлекпаева (BC1 санаты) шешуші ойында Ираннан келген қарсыласын ұтып, алтын медальға қол жеткізді.
Күміс медаль иегерлері:
Азамат Аязбаев (BC4 санаты) сенімді ойынымен финалға дейін жетіп, шешуші сында ирандық спортшыға жол беріп, күміс жүлдегер атанды;
Ерхат Алмат (BC1 санаты) жарыс бойы шеберлігімен танылып, финалда Оңтүстік Корея спортшысымен кездесті, нәтижесінде күміс медаль еншіледі.
Қола меаль иегері:
Эльмира Мусралиева (BC4 санаты) жартылай финалда ирандық спортшыға жол бергенімен, үшінші орын үшін матчта БАӘ спортшысын 9:0 есебімен ойсырата ұтып, қола медальға ие болды.
25 тамызда турнирде ерлер мен әйелдер арасында BC1, BC2, BC3 және BC4 жекелей санаттарында финалдық ойындар өтті. Жарыс 26-27 тамыз күндері жұптық және командалық кездесулермен жалғасады.
Astana 2025 World Boccia Challenger – Қазақстанда алғаш рет BISFed қолдауы аясында ұйымдастырылып отырған халықаралық челленджер. Турнир 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңінің бір бөлігі болып саналады.
Astana 2025 World Boccia Challenger турнирінің ұйымдастырушысы – Қазақстан бочча федерациясы. Жоба ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Sport Qory қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының және өзге де серіктестердің қолдауымен жүзеге асуда.