Үкімет • Бүгін, 09:00

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төр­ағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға ар­налған әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы қаралды. Сондай-ақ отырыста алдағы жылы­ту маусымына да­й­ын­дық жұмысы пысықталды.

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Дәйекті заң жобасы

Отырыста Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Серік Жұманғарин «2026–2028 жыл­дарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, Астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» заң жобасы бойынша баян­дама жасады. Ол бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде қалыптастырылғанын айтып, базалық нұсқаға сәйкес ІЖӨ-нің нақты өсуі болжамдарын жылдарға шағып, анық көрсетіп берді. 2026–2035 жыл­дарға арналған ұзақмерзімді даму болжамын да тәптіштеп, құжат жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленгенін жеткізді. «Заң жобасы жаңа Бюджет кодексінде көзделген тәсілдерді ескере отырып да­йындалды», деді С.Жұманғарин.

Үкімет басшысы жақында Мем­лекет басшысына әлеумет­тік-экономикалық даму бол­жам­дары мен алдағы үш жыл­дық кезеңге арналған бюджет жобасы ұсынылғанына тоқтал­ды. Президент бюджеттің тең­герім­ділігін, қаражатты рес­пуб­ликалық және жергілікті дең­гейде сапалы жоспарлау мен бөлуді қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.

«Осыған байланысты бүгін жалпы сипаттағы трансферттер көлемі және 2026–2028 жыл­дарға арналған респуб­лика­лық бюджет туралы заңдар­дың жобалары қаралды. Заң жобалары бюджеттік параметр­лерге сәйкес әзір­ленді. Бұл мемлекеттік қар­жының тұрақ­тылығын қам­тама­сыз етуге барынша оңтай­лы. Бюд­жет теңдестірілген және Мем­лекет басшысының бар­лық стра­те­гиялық бастамасы ес­керілген», деді О.Бектенов.

Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес өңірлерге базалық инфрақұрылымның қолжетімді болуына теңдей жағ­дайды қамтамасыз етіп отыр. Президент тапсырмасына орай бюджет әлеуметтік мәселе­лерге бағдарланған. «Эконо­миканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғаяды. Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келе­сі жылы жалпы шығыстар құра­мында шамамен 11%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр. Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру барысында жаңа Бюджет пен Салық кодексі ескерілгенін атап өту маңызды. Барлық мемлекеттік органға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген пара­метрлеріне қол жеткізуді қам­тамасыз етуді тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақтылы пайда­лану, сондай-ақ шығындар­ды қатаң бақылауда ұстау маңыз­ды екеніне назар аудартқан Үкімет басшысы болған талқылау­лар­ды ескеріп, 2026–2028 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді болжамды мақұлдауды ұсынды.

«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және алдағы үшжылдық кезең­ге арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларына дауыс берейік», деді Үкімет басшысы. Ұсыныс бірауыздан қабылданды.

 

Маңызды үш тапсырма

Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жүйелік оператор бекіткен графикке сәйкес ағымдағы жылы электр стансаларында 10 энергия блогін, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. 4 энергия блогінде, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңде жүргізілді. 5 энергия блогінде, 22 қазандықта және 12 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Энергетикалық көздер бо­йынша жөндеу жұмыстарына 376,7 млрд теңге игеру жоспарланып отыр, бұл өткен жылғыдан 13%-ға көп. Аймақтық электр­желілік компанияның электр желілерінде жалпы ұзындығы 17 мың км электр беру желі­лерін, 420 қосалқы стансаны, 3,5 мың тарату пункттерін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланды», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Сала басшысы электр желілерінің 77%-ы, қосал­қы стансаның 68%-ы және тарату пункттері мен трансфор­маторлық қосалқы стансаның 73%-ы жөнделгенін айтты. Ал жылумен жабдықтау желі­лерінде 323 км жылу желісін реконс­­­трукциялау мен күрделі жөн­деу жұмысы жоспарланыпты. Бүгін­ге дейін оның 66%-ы орындал­­ған. Премьер-министр Мемле­­кет басшысы халыққа Жолдауын­да энергетикалық инфрақұ­ры­лым мен коммунал­дық ша­руа­шылықты жаңғырту мін­детін қойғанын еске салды. Энер­гетика секторында тозу дәре­жесі жо­ғары болуын ескере отырып, жы­лыту маусымына дайын­дық жұ­мысы жоспарлы әрі са­палы жүргізілуі қажет екенін айтты.

«Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасы аясын­да электр стансаларын жөн­деу мен жаңғырту үшін биыл­дың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары. Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарас­тырылған», деді О.Бектенов.

Десе де, солтүстік аймақтар­да жылыту маусымы басталғанға дейін бір айдан аз уақыт қалды. Алайда бірқатар өңірде жөндеу жұмысы уақтылы аяқталмай қалу қаупі бар. Ол жағдай облыс әкімдерінің баяндамалары­нан байқалды. Сондықтан жұмыс­ты барынша жеделдету керек. Мәселен, Ақмола облысында Степногор жылу электр орта­лығында резервтік қазан­дықты жөндеу әлі аяқтал­ған жоқ. Маңғыстау облысында 2-жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі ауыстырылған. Сондай-ақ Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен.

«Мұндай мәселелер әр өңірде бар. Бұл әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бо­йынша Өңірлік штабтардың жұмысы мардымсыз болып тұр. Тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақтылы шешуге болады», деді Үкімет басшысы.

Биылғы мамырда жабдық­тар­ды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу тап­сырмасы жүктелген еді. Алайда «KEGOC» компаниясы энер­гия көздеріндегі жөндеу жұмыс­тарының мерзімін ұзартуға рұқсат беруді жалғастырып жатыр. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көр­сетеді.

«Мерзімді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстыру­дың әрбір фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет. Энер­гетикалық кәсіпорын­дар­ға әзірлік паспорттарын беру жұмысы басталып кетті. Осы ретте энергия кәсіпорын­дары­ның жылыту маусымына әзір­­лігін бағалау комиссия­сы­ның жұ­мысына әкімдер тіке­лей өздері қаты­суға тиіс», деген О.Бек­тенов нысандар қысқа әзір­лік паспорттарынсыз жұмыс­ты бастамауы керегін қатаң ескертті.

Сонымен қатар Риддер, Кентау, Екібастұз, Ақтау қала­ларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет екенін айтты. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталар болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын қаперге салды. Сөйтіп, жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырды.

«Энергия көздері мен желі­лер­дің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастау керек», деген Үкімет басшысы жауапты мекемелерге бірқатар міндет жүктеді.

Бірінші. Энергетика министр­лігі өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желі­лерін­де жөндеу жұмыстарының уақ­ты­лы аяқталуын қамтамасыз етсін. Биылғы 1 қыркүйекке дейін өңір­лерге берілетін әлеу­меттік маз­уттың жеткізу кестесі бекітілсін.

Екінші. Энергетика ми­нистр­лігі «Қазақстан темір жолы» компаниясы және өңір әкім­діктерімен бірге энергия нысандарына көмір мен мазутты бекітілген кесте мен көлемдерге сәйкес уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдасын. Сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуіне бақылау белгіленсін.

Үшінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңір әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім нысандары­ның толық әзірлігін қамтамасыз етсін. 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тұрғын үй қоры нысандарының әзірлігін қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет.