Мәдениет • Бүгін, 16:13

Қазанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2025 жылдың 26 тамызында Қазан қаласындағы Мұса Жәлил атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» атты операсы алғаш рет көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

Қойылымды Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахналады. Бұл гастроль Қазақстан Конституциясының 30 жылдық мерейтойына арналды және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігінің, сондай-ақ Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.

Қазанда осы күндері бірнеше ірі мәдени шаралар қатар өтіп жатқанымен, жаңа операға деген қызығушылық жоғары болды. Барлық 990 билет небәрі бір апта ішінде сатылып кеткен. Премьера соңында көрермендер  ұзақ уақыт бойы қол соғып, жылы пікірлерімен бөлісті.

«Шынайы әсер алдым. Алғашында аса күтпеген едім, бірақ енді келесі бөлімін асыға күтемін», деді көрермендердің бірі антракт кезінде.

Бұл кеш Қазақстан мен Татарстан халықтарын ортақ тарих пен мәдениет аясында тағы да жақындатқан ерекше оқиға болды. Қойылымды Италияның әйгілі сахналарында еңбек еткен режиссер Давиде Ливерморе сахналады. Операда 200-ден астам әртіс өнер көрсетіп, жанды музыка мен әсерлі сахналық көріністер көрерменді тарихи дәуірге жетеледі.

Ашылу салтанатында Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеева құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығын атап өтті. 

«Біздің ортақ тарихымызға, дәстүріміз бен құндылықтарымызға жақындастырғандары үшін әріптестерімізге шын жүректен алғыс айтамын. Бүгін біз тек өнер туындысын емес, ғылым мен мәдениетті тоғыстырған ерекше еңбекті көргелі отырмыз. Өйткені бұл спектакльдің жасалуына Қазақстан мен Татарстан ғалымдары, сондай-ақ біздің Академиямыз белсене қатысып, өз үлестерін қосты. Осы қойылымнан біз тарихымыздың терең мәнін көреміз. Дұрысы – бір тарихты, ол біздің халықтарды біріктіретін ортақ тағдыр. Сондай-ақ алдағы мерекелердің алдында бізді осылай бірге табыстырған Қазақстанның Қазандағы Бас консулына ерекше алғыс айтамын», деді Лейла Ренатқызы.

Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов қойылым Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай ұсынылғанын және оның екі халық арасындағы рухани байланысты нығайтатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің құттықтау хатында Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени қарым-қатынастың артып келе жатқанын, ал бұл жобаның екі ел арасындағы шығармашылық ынтымақтастықтың айқын дәлелі екенін атап өтті. 

«Біз үшін Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасын Қазақстанның жетекші театрларының бірінің орындауында Татарстан жұртшылығына ұсыну – үлкен мәртебе. Бұл мүмкіндікті жасағаны үшін Рустам Миннихановқа алғыс айтамын. Қойылымға түркітілдес елдердің алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтары мен тарихшылары үлес қосты. Олардың еңбегі дәуірдің шынайы бейнесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Барлық көрерменге тамаша әсер тілеймін. Сенемін, бұл премьера сіздер үшін шабыт пен ортақ ұлы тарихымызға деген мақтаныштың қайнар көзі болады, өнермен қауышудан қуаныш сыйлайды. Сіздердің ой-пікірлеріңіз бен әсерлеріңізді асыға күтеміз. Біз бірлесіп әлі де ынтымақтастығымызды нығайтып, дами түсетініне сенемін. Татарстан халқына шын жүректен бейбіт өмір, тұрақтылық пен өсіп-өркендеу тілеймін!» деп атап өтті Аида Балаева.

Театр директоры Айнұр Көпбасарова өз сөзінде Татарстан басшылығына және Қазақстан тарапына көрсеткен қолдау мен жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, «Хан Сұлтан» операсының тарихи мұраға деген құрметті қайта жаңғыртқанын айтты. Оның пікірінше, бұл қойылым халықтар арасындағы достықты бейнелейтін рухани көпірге айналды.

Көрермендерге арналып театр фойесінде Қазақстанға арналған фотокөрме де ұйымдастырылды. Көрме қонақтарға еліміздің мәдениеті мен тарихын, табиғатын және сәулеттік келбетін таныстырды.

Премьераға шетелдік дипломатиялық өкілдер, қоғам қайраткерлері, іскер топ өкілдері, Татарстан БАҚ өкілдері және қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.

Сонымен қатар премьера қарсаңында «Татар-информ» ақпарат агенттігінде арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Оған Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Дамир Натфуллин, Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова, бас дирижер Нұржан Байбусинов, композитор Хамит Шанғалиев және бас киім суретшісі Айнұр Ерімбетова қатысты.

Дамир Натфуллин қойылымның аншлагпен өткенін атап өтіп, Қазақстан тарапына және театр ұжымына табысты ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Ерлан Ысқақов премьераның Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы мен Татарстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының 35 жылдығы қарсаңында өтуі – символдық мәнге ие екенін айтты.

Баспасөз мәслихатында қойылымның дайындық барысы, тарихи деректердің нақтылығы, ұлттық аспаптарды партитураға қосу ерекшеліктері айтылды. Журналистердің сұрақтарына жауап берілген соң, спектакльге арналған арнайы тизер көрсетілді.

Сонымен қатар, театр директоры Айнұр Көпбасарова болашақта Алтын Орда дәуірінде мемлекет қалыптастыруға үлес қосқан әйелдер туралы көркем фильм түсіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ғалымдармен бірлескен бұл жоба түркі әлемінің ұмыт қалған тарихи кезеңін қайта жаңғыртуға бағытталмақ.

Кездесу соңында ол Татарстан мен Қазақстан басшылығына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.