
ІІМ мәліметінше, Жамбыл облысында 40 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның үйінің ауласынан тыйым салынған кенеп (каннабис) бұталары алынды. Үй ішінен кептірілмеген және кептірілген марихуананың жалпы салмағы 240 келіні құрайтын 144 түбі тәркіленді.
Ұлытау облысында ер адам ұсталып, одан жалпы салмағы 20 келіден асатын марихуана мен гашиш тәркіленді.
Қарағандыда оңтүстік өңірлерден жеткізілетін есірткі арнасының жолы кесілді. Теміржол вокзалы маңында 75 жастағы азамат ұсталып, одан шамамен 10 келі гашиш пен марихуана алынды. Сонымен қатар, оның автокөлігін тексеру кезінде жалпы салмағы 20 келідей екі брикет марихуана тәркіленді.
«Биыл 4 655 қылмыстық есірткі құқықбұзушылығының жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 11 тоннадан астам есірткі алынды, оның ішінде 1 тоннадан астамы синтетикалық заттар. Синтетикалық өнімдер дайындайтын 11 нарколаборатория жойылды. 24 тонна химиялық зат тәркіленді, оның ішінде 6 тоннадан астам прекурсор бар. Есірткі жарнамасын анықтау жұмыстары күшейтілді: анықталған құқықбұзушылықтар екі есеге жуық өсті, есірткіні жарнамалағаны үшін 105 сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалды. 20 мың интернет-ресурс — сайттар, аккаунттар және өзге де платформалар бұғатталды, олар есірткі мен психотроптық заттар жайлы ақпарат таратқан», деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.