Медицина • Кеше

Ауылға келсе, қомақты қаржы алады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою мақсатында кешенді жұмыс қолға алынып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауылға келсе, қомақты қаржы алады

Өңір билігі жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді мамандарды даярлауға арналған гранттарды жыл сайын бөліп отыр.

2019–2024 жылдар аралығында резидентураға барлығы 157 грант қарастырылды. Ал 2025–2026 оқу жылына еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, тағы 31 грант бөлінді. Қазіргі таңда 62 дәрігер резидентураны тәмамдап, өңірлік медициналық мекемелерде кемінде 5 жыл еңбек ету міндеттемесімен жұмысқа орналасты. Сонымен бірге 84 жас маман резидентурада оқып жатыр, 11 резидент әлеуметтік демалыста.

Медицина қызметкерлерін тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда. Биыл 41 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 367,3 млн теңгеге дейін бюджеттік несие беру , 129 маманға жалпы сомасы 47,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу үшін қаржы бөлінді.

Біршама уақыт бұрын облыстық мәслихаттың шешімімен біржолғы әлеуметтік қолдау мөлшері жаңартылды. Мәселен, ауылдық елді мекендерге, кенттерге, моноқалаларға және аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандарға – 8,5 млн теңге, осы өңірлерге барған өзге мамандарға – 1,2 млн теңге, Тараз қаласына келген мамандарға – 800 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету қарастырылды.  

Бұдан бөлек, бірқатар ауданда коммуналдық қызмет, отын, су және көмір шығындарын өтеу үшін 5 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, Талас ауданында жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар. Қордай ауданында бірінші жұмыс жылында жалдамалы пәтер ақысы өтеледі.

Мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың өзара үйлесуі Жамбыл облысында медициналық кадр тапшылығын жүйелі шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шаралар өңір тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтуға жол ашады.

Жамбыл облысы