Оқиға • Бүгін, 09:30

25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өседі

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда су шаруашылығы саласының мамандарына төленетін жалақы өседі. Бұл өзгерістер «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер негізінде жүзеге асады, деп хабарлайды Egemen.kz.

25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өседі

Фото: Ерлан Омар

Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі заңды іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарды бекіту жұмыстарын атқарып жатыр.

Министрліктің хабарлауынша, жаңа ереже бойынша ел көлемінде сумен жабдықтау және су бұру қызметінде еңбек ететін 25 мыңнан аса қызметкердің еңбекақысы көтеріледі. Орта есеппен бұл өсім аймақтық ерекшеліктерге қарай 35–50 пайыз шамасында болады.

Сала басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік мамандардың мәртебесін арттыру мен жұмыс жағдайын жақсартуды басты назарда ұстап отыр.

«Министрлік су шаруашылығы саласы мамандарының мәртебесін көтеру мен еңбек жағдайын жақсартуға ерекше мән береді. Мысалы, биыл «Қазсушардың» барлық 425 маусымдық жұмысшысы тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ су мамандарының біліктілігін арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, оның ішінде шетелдерде де оқыту қарастырылған. Қабылданған барлық шара республикадағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еңбек етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеруде елеулі прогреске қол жеткізуге мүмкіндік берді», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.