Оқиға • Бүгін, 17:11

Мүгедектікті сырттай куәландыру бюрократиялық кедергілерді азайтқан

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу жобасы жалғасып келеді. Жаңа формат қазірдің өзінде азаматтарға қолайлы жағдай жасап, артық қағазбастылықты жойып, қызмет көрсетудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүгедектікті сырттай куәландыру бюрократиялық кедергілерді азайтқан

Фото: Ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері еліміздің барлық өңірлерінен 68,9 мың өтінім сырттай форматта қаралған.

«Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптаманы қашықтан өткізу 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіліп жатыр. 2024 жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ын құрайды», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасауды тапсырған еді. Атап айтқанда, азаматтардың түрлі мекемелерге баруын қысқарту, артық құжат жинатуды болдырмау және қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты азайту міндеті қойылды.

Осы тапсырмаларды орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 20 өңірінде медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай форматта өткізудің пилоттық жобасын жүзеге асырып отыр.

Мүгедектік тобын белгілеу үшін азаматтар тек тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, қажетті медициналық тексеруден өтеді. Қалған процестер ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы өтініш берушінің қатысуынсыз жүргізіледі.

Сырттай куәландырудың енгізілуі бірқатар артықшылықтарға жол ашты. Атап айтқанда:

  • Әкімшілік және бюрократиялық кедергілер азайды;
  • Сараптамалық шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді;
  • Әлеуметтік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік берілді;
  • Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендеді.