Оқиға • Бүгін, 17:30

Ерлан Қарин жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездесу өткізді. Он алты республикалық жастар ұйымының өкілі қатысқан кездесуде өзекті мәселелер мен жаңа жобалардың жай-жапсары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерлан Қарин жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті

Фото: Ақорда

Ерлан Қарин елімізде жастар биліктің барлық деңгейіндегі шешім қабылдау үдерісіне тартылғанын атап өтті. Олардың саны Парламент, мәслихат, қоғамдық кеңес құрамында айтарлықтай артты. Президенттік жастар кадр резервінің қатысушылары жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр.

Жастар Президент бастамаларының негізгі қозғаушы күші саналады әрі еліміздің жасампаздыққа негізделген күн тәртібін қалыптастыру мен ілгерілету ісінде шешуші рөл атқарады.

Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын пысықтай отырып, Ерлан Қарин есірткіге қарсы іс-қимыл мәселесіне айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы биыл 13 тамызда өткен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында нашақорлықты ауыздықтауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауды, бұл іске жастар мен еріктілер ұйымдарын тартуды тапсырған болатын. Мемлекеттік кеңесші жастар ұйымдарының көшбасшыларын нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды. Сондай-ақ аталған кеселмен күресте мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын ерекше атап өтті.

Ерлан Қарин жастар ұйымдары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына елеулі үлес қосқанын жеткізді. Осы бастама аясында шамамен 10 миллион адамның қатысуымен 1 мыңнан астам экологиялық акция ұйымдастырылды. Мемлекеттік кеңесші жастар көшбасшыларының назарын алдағы уақытта осы науқанның ауқымын кеңейту қажеттігіне аударды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық жоба ғана емес, сонымен бірге азаматтардың жаңаша ойлау әрі мінез-құлық идеологиясына, қазақстандықтардың өмір салтына айналуға тиіс.

Кездесу соңында Ерлан Қарин мемлекет жастарға қолдау көрсетіп қана қоймай, жүргізіп жатқан реформаларда оларға негізгі рөлді сеніп тапсырғанын жеткізді. Өз кезегінде жас буын ел болашағы үшін өздерінің жасампаз әлеуетін барынша іске асыруға ұмтылуы қажет.