Еңбек • Кеше

Еңбек адамына құрмет толастамайды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандықтары жылына қатысты Президент тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында облыс аумағында түрлі іс-шара өткізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері еңбек адамына құрмет көрсетуге барынша басымдық беріп отыр.

Еңбек адамына құрмет толастамайды

Суретті түсірген – Әли ҒАЛЫМ

«Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйыт­қы болуымен Тараз қаласын­дағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының өндіріс алаңында «Жұмысшы жастар аманаты» тақырыбын­да форум өткізілді. Бұған дейін «Amanat» партиясы жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселесін шешу, олардың кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында Үкіметпен бірге «Жұмысшы жастар аманаты» жобасын қолға алған болатын. Бұл форум осы жобаны жүйелі жүзеге асырудың нақты көрінісі деуге толық негіз бар.

Іс-шара барысында сөз сөй­леген Мәжіліс депута­ты, «Amanat» партиясы фрак­ция­сы­ның мүшесі Мұқаш Ескендіров өз ісінің нағыз маманы атану­дың мән-маңызына тоқталып, жас­тар қауымын ел игілігі жолында еңбек етуге шақырды.

«Елімізде жыл сайын ауқым­ды жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның бірқатары осы Жамбыл облысында қолға алын­ғаны мәлім. Бұл жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін, әрине, жұмысшы жастар қажет. Еліміздің болашағы жұмысшы мамандық иелерімен тікелей байланысты. Қазірдің өзінде қоғамда өндіріс саласының мамандары ерекше бағаланады. Ал осындай іс-шаралар арқылы белсенді жастарды қолдау ісіне жарқын жол ашылып отыр. Себебі өмірде барлық жетіс­тік тек адал еңбекпен, қажыр­лы қызметпен келеді», деді М.Ескендіров.

«Жастар рухы» жастар қана­тының төрағасы Ақерке Искан­дерованың айтуынша, ұйым жас­тарды қолдау мақсатында ауқым­ды жұмыс атқарған. Мәсе­­лен, «Жастарға жұмыс» жо­басы аясында еліміздің бар­лық өңірінде бос жұмыс орын­да­ры жәрмеңкесі тұрақты өткі­зіледі. Таяуда Астанада ұйым­дас­тырылған жәрмеңкеге үш мың­ға жетеғабыл адам қатысып, жетпістен астам кәсіпорын 2000-нан астам бос жұмыс орнын ұсыныпты.

Жастар форумында сөз ал­ған өңір басшысының орын­басары Қанатбек Мәдібек облыс аума­ғында жұмысшы жас­тарды қол­дау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жат­қанын тілге тиек етті.

«Жамбыл облысына инвес­тиция тарту бағытында жос­парлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта өңірде 62 ин­вестициялық жобаны қолға алу көзделіп отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан кезде 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Жоғары оқу орындары мен кол­ледж түлектерін жыл сайын жұмысқа орналастыруға мүм­кіндік туады. Осы орайда өңір­дегі жоғары оқу орындарында кадр даярлау жұмысы қолға алы­нып жатқанын айта кеткен жөн. Біздің басты міндетіміз – кә­сіби мамандардың жаңа буы­нын тәрбиелеу, олардың бойы­на адалдық, жауапкершілік сынды асыл қасиеттерді сіңіру», деді ол.

Ресми дерекке сенсек, Жам­был облысында 355 мыңнан астам жас бар. Бұл көрсеткіш өңір тұр­ғындарының 29,1%-ын құрап отыр. Олардың 41,8%-ы қала­да, 58,2%-ы ауылда тұрақ­таған. Осы көрсеткішке қарап-ақ елді мекендерде жұмыс істеу­ге қабілетті жастар жеткілікті еке­нін бағамдауға болады.

«Біздің кәсіпорында жүз­деген маман еңбек етеді. Солар­дың қатарында еңбек жолымды слесарь ретінде бастап, кейін қазандық операторы, ком­­прес­сорлық, тоңазытқыш қон­дыр­ғылары аумағының шебері, қа­зандық аумағының шебері болып жұмыс істедім. Қазір энергетика ресурстарымен қамтама­сыз ету цехы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрмін. Осындай ірі өндіріс орнында еңбек ету – жас мамандар үшін зор мәртебе. Компания бізге барынша қо­лайлы жағдай жасап жатыр. Мұн­да кәсіптік машығымызды жетіл­діруге қажет барлық мүм­кіндік бар. Ұжымымызға білік­ті, адал жұмысшы жастар қа­шанда қа­жет», дейді «Talas investment company» ЖСШ қыз­меткері, жас ма­ман Бексұлтан Болғанбек.

Ресми дерекке жүгінсек, «Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты «Минералды тыңайтқыштар» зауытында 35 жасқа толмаған 1128 жас маман еңбек етеді екен. Олардың өндіріс ошағында ­жү­­йелі жұмыс істеуіне кәсіп­орын тарапынан барлық жағдай қарас­­ты­рылған.

 

ТАРАЗ