
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Бәрі де салыстырмалы
Ақиқатында ғылым саласының дамуы қаржылай қолдауға тікелей тәуелді. Мұны сонау кеңес кезіндегі елімізде дамыған және іргетасы мықты қалыптасқан ғылыми зерттеу институттарының тарихынан көре аламыз. Мысалы, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының дерегіне сүйенсек, 1990 жылдары Қазақстандағы жалпы саны 279 ғылыми мекемеде 50,6 мың ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын ғалым болыпты. Ал 2000 жылдары 14,7 мың ғылыми қызметкер қалған. Басты себептердің бірі экономикалық дағдарысқа байланысты мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының қысқаруы болды. Ал қазір, яғни егемен ел болғанымызға 30 жылдан аса уақыт өткенде, дәлірек айтсақ, 2024 жылғы деректе ғылымдағы кадрлар саны 25,4 мың адамға жеткен. Осы сандардан көз жеткізгеніміздей, республикамызда ғалымдар саны көбейгенімен, бәрібір 90 жылдардағы көрсеткіштің жартысына әзер жетіп отырмыз. Бұл өз кезегінде жан-жақты қолдаудың әлі де қажет екенін айғақтайды.
Иә, сол дәуірде ғалымдардың да, ғылымның да дәуірлеген шағы болды, бірақ одақ тараған соң сала да құлдырай бастады. Өйткені ғылымға тиісті мөлшерде қаражат бөлінбей қалды. Жоғарыда бұл бағыт қаржылай қолдауға тәуелді дегеніміз осыдан. Бұл теорияның дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екенін ертеден білетін елдер зерттеу жұмыстарына қашаннан көп ақша қарастырады. Айталық, ашық дереккөздерде Қытай Халық Республикасында 2024 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыру көлемі 8,3 пайызға артып, 3,6 трлн юань, яғни 500 млрд долларды, көп елге ортақ ұғыммен айтсақ, бұл ішкі жалпы өнімінің 2,68 пайызын құрайды. ЮНЕСКО-ның Статистика институты жариялаған «2024 жылғы зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінген шығындар» (UNESCO Institute for Statistics: Research and Development Expenditure 2024) атты деректер тізбегінде Қазақстан 151 мемлекеттің ішінде 120-орында тұр. Себебі елімізде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызын ғана бөледі. Бұл соманың аз екенін оқырман Қазақстанның жоғарыдағы рейтингінде алдыңғы қатарларда емес, соңына жақын тұрғанынан-ақ түсінер. Ал нақты санмен жеткізер болсақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялағандай, 2024–2026 жылдарға көзделген ғылым бюджеті – 703,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылы ғылымды дамытуға 177,3 млрд теңге бөлінді. Осыдан қалғанын екі жылға бөліп тастасақ, 263,15 млрд теңгеден келеді. Енді мұны Қытайдың бөлгенімен салыстыру үшін әлемдік валютаға айналдырсақ, 500 млн доллар болады. Қытай ғылымды қаржыландыруға жылына 500 млрд, Қазақстан 500 млн доллар шығын шығарады, арасы – жер мен көктей. Осыған сәйкес, көрші тұрғанымен, екі елдің экономикасы да – әлеуеті жағынан алшақ. Десек те Қытай жоғарыдағы халықаралық ұйымның тізімінде көш бастап тұрған мемлекет емес, 14-орынға жайғасқан. Бірінші орында Израиль (ішкі жалпы өнімнің 5,56 пайызы), екінші орында Оңтүстік Корея (ІЖӨ 4,90%), үшінші орында Америка (ІЖӨ 4,90%) тұр. Ғылымға қаржылай қолдауды көп көрсететін елдердің үшеуі де дамудың алдыңғы шебінде екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар.
Арман болған 1 пайыз
2024 жылы Қазақстанда ғылыми қызметкерлер саны шамамен 25,4 мың адамға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өскенін көрсетеді. Министрлік мәлімдегендей, мұндай өсім мемлекет тарапынан ғылым саласына бөлінетін қаржының ұлғаюына және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының дамуына байланысты. Үкімет ғылымға қарастырылған қаражаттың көлемі жыл сайын артып отырғанын хабарлады. Соған қарамастан, әлемдегі көрсеткіштерде көш бастамаса да бел ортасынан орын ала алмай отыр. Себебі неде? 2019–2025 жылдары білім мен ғылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада 2019 жылы 0,13 пайыздан бастап сатылай, 1 пайызға дейін көбейту көзделген. Бірақ бұл бағдарламаның күші жойылды. Қазір қолданыстағы құжатта мәселенің шешімі мүлдем кейінге шегеріліп кеткен.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылдың 1 қаңтарында бізге берген сұхбатында аталған түйткілге қатысты: «Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының ұсынымы бойынша ғылымға жылына бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 1 пайызынан кем болмауға тиіс. Егемендік алғалы 30 жыл өтсе де біз 1 пайыздық межеге жете алмадық. 1990 жылы 0,82 пайыз, яғни ең жоғары көрсеткіш осы болды. 2021 жылы 0,12 пайызға, 2022 жылы 0,13 пайызға, биыл бірден 0,26 пайызға көтердік. Мысалы, Оңтүстік Корея жылына ішкі жалпы өнімнің 4,3 пайызын ғылымға, 4,7 пайызын жоғары білімге бөледі. Соның нәтижесінде роботтар, көліктер, техникалар, жалпы айтқанда, жаңа технологиялар еліне айналып отыр. Ал отандық ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына қашан, қалай жеткіземіз? Бұл межеге тек мемлекеттік бюджетпен жету мүмкін емес, бұны мойындау керек. Мұндағы негізгі мәселе жеке сектордан инвестицияның тартылмауында болып тұр. Мәселен, сол Оңтүстік Кореяда ғылымға бағытталған қаржының 72 пайызы жеке сектордан түседі. Америкада бұл көрсеткіш одан да жоғары, 84 пайызға тең. Елімізде, керісінше, 70 пайызға жуық қаржыны мемлекет береді. Сондықтан заңнамалық өзгеріс болуы қажет. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Биыл талқылау басталады, бұйырса алдағы сәуір айында қабылданады. Сол заң сәтті қабылданса, жүйелі шараларымыз заңды күшіне енсе, салық жеңілдіктері қарастырылып, жеке секторды, ірі компанияларды ғылымға қаржы салуға көптеп тарта аламыз. Жоспарымыз бойынша бұл межеге 2025 жылдың соңында қол жеткіземіз», деп пікір білдірген болатын.
Бірақ биыл осы уәдесінің орындалуы туралы сұрағымызға С.Нұрбек 18-қаңтарда шыққан сұхбатында: «Иә, жаңа заңға былтыр қол қойылды. Алайда сол құжат қолданысқа енгізілсе де кедергілер болып тұр. Соның бірі ретінде Бюджет кодексі мен Салық кодексінің былтыр қабылданып үлгермегенін атап өтер едім. Ғылымға тартылатын қаржы көлемін жеке секторлар мен ірі компанияларға көрсетілетін салық жеңілдіктері арқылы арттыру туралы тетігіміз әлі заңды күшіне енбей жатыр. 300 пайыздық жеңілдіктерден бастап, осы уақытқа дейін айтылып келген түрлі салықтық шегерімдер Салық кодексінде жазылған. Осы кодекс биыл қабылданса, жоғарыдағы тиімді жүйе жұмыс істей бастайды. Негізі біз басшылыққа алатын, 2023 жылы бекітілген Ғылым және жоғары білімді дамыту тұжырымдамасында зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізу межесі 2029 жылға белгіленген», деп жауап берді. Міне, осы жауаптан жоғарыда жазғанымыздың дәл уақытын, яғни мәселені шешуді енді қанша жылға шегерілгенін ұғуға болады. Әлбетте, салық шегерімдерін енгізу тиімді жұмыс істеп кетсе, біршама арттыруға болар, десе де бірден 1 пайызға биыл жету қиын-ау...
Түйткілдің түйіні
Ақиқатында түйткілдің әрқилы қыры бар, түйінін тарқатудың да түрлі тәсілін табуға болар, әрине ой жетсе, іскерлік қабілет көтерсе. Өткенде академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаевты әңгімеге тартқанымызда өзекті мәселеге өз шешімін: «Елімізге шетелден келген компаниялардың бәрі шикізат алады. Мысалы, темірді тас түрінде сыртқа жібере береміз, осыдан еліміз ұтылып отыр. Темірден шеге жасап шетелге шығарса, әуелгі бағасынан 10 есе өседі. Бірақ бұған шикізат сатып отырғандар басын ауыртқысы келмейді, өйткені өңдейтін технология жасау, маман табу, зауыт ашу, өңдеуге шығын шығару қажет. Осы пиғылды өзгерткен жөн. Шындығында ішкі жалпы өнімнің 1 пайызын біздегі жер қойнауын игеруші компаниялардың табысынан бөлетін ақшамен-ақ жауып тастауға болады. Олар өз табысының бір пайызын ғылымға құйып отырмыз дейді. Соған бақылау болмай тұр ғой. Қандай ғылымға, қай бағытқа, қайсы тақырыпқа бөлді? Осыны өзіміз қадағалауымыз керек. Содан соң қазір университет бір бөлек, өндіріс өзінше, академия басқаша өмір сүріп жатыр. Сол үштіктің бір қазанда қайнағаны қажет», деп ұсынған болатын.
Енді осы қаржыландыру мәселесіне тағы бір жағынан келіп көрейік. Аз ба, көп пе, ғылымға қаржы көлемі ұлғайтылып жатыр. Ал сол дәл қажет жұмысқа жұмсалып жатыр ма? Бұл сұраққа академик А.Жұмаділдаев: «Кейінгі жылдары ІЖӨ-нің ғылымға бөлінетіні 1 пайызға жеткізбесе де бұрынғыдан көбейді. Енді соны аз бөлінсе де саз болатындай жұмысқа жұмсау керек. Сонда нәтиже көрінеді. Бізде ұсақ тақырыптар көп, кейбіреулер маңызын жойған 40 жыл бұрынғы жұмысын өңін айналдырып бере береді. Қазір ғылым бір жерде тоқтап тұрған жоқ қой. Компьютерлік математика деген шықты, содан елімізде бір адам таппайсың. Кванттық компьютер жасап жатыр басқа елдер. Одан кім бар? Сондай сұраныстағы тақырыптарды, стратегиялық маңызды ғалымдарды анықтап, соған қаржыны басқасы ортақтаспайтындай бөлек беру керек», деп жауап
берген-ді.
Демеу ме, тежеу ме?
Ғылымды қаржыландыру керек екенін түсініп отырмыз. Ал енді сол қаржы қайдан түседі? Жалпы, бұл жұмысты жүргізудің, яғни ғылыми жұмыстарды, зерттеулер мен жобаларды қаржыландырудың әлемде қалыптасқан бірнеше тетігі бар. Соның ішінде Қазақстанда қолданылатын түрлерін тізе кетейік. Біріншісі – мемлекеттік қаржыландыру. Мұның өзі бірнеше түрде беріледі. Атап айтқанда, базалық қаржыландыру – ғылыми ұйымдар мен зерттеушілердің тұрақты қызметін қамтамасыз ету үшін бөлінеді (жалақы, зертханалық жабдықтар, инфрақұрылым); гранттық қаржыландыру – жеке ғылыми жобаларға конкурс арқылы беріледі. Қазақстанда бұл қаржыны Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық ғылыми кеңестер арқылы бөледі; бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – Ұлттық және стратегиялық маңызы бар зерттеулерге бөлінетін ұзақмерзімді қаржы (5 жылға дейін). Екіншісі – халықаралық гранттар мен бағдарламалар. Қазақстандық ғалымдар шетелдік ұйымдардан гранттар ала алады. Мысалы: Еуропалық Одақтың Horizon бағдарламасы, ЮНЕСКО, НАТО, БҰҰ гранттары, әлемдік ғылыми қорлардың мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Үшіншісі – жеке инвестициялар мен өндірістік серіктестік. Ірі кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар (мысалы, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына») ғылыми зерттеулерге қаржы бөлуі мүмкін. Кәсіпкерлер мен жеке қорлар технологиялық стартаптарды немесе қолданбалы ғылымды қаржыландырады. Төртіншісі – университеттік қаржыландыру. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары өз бюджеттерінен ғылымға қаржылай қолдау көрсетеді. Назарбаев университетіндегі Әлеуметтік даму қорының қолдауымен аталған оқу орнының студенттері мен ізденушілерінің жобаларына берілетін гранттары осыған мысал бола алады.
Өздеріңіз түсініп отырғандай, Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі – мемлекет, бірақ жеке сектор мен халықаралық гранттарды тартудың маңызы артып келеді. Енді осы негізгі көзден түсетін қаржының өзі қалай келеді, қандай кедергілер бар, еліміздегі қаржыландыру тәсілдері ғылымға демеу ме, әлде тежеу ме? Бұл сұрақтар мазалағанда, әлбетте, ғылымның өз ішінде жүргендердің пікіріне құлақ асқан жөн. Ұлттық кеңестің және академия жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төралқасының мүшесі, «Young researchers alliance» төрағасы Әсия Ермұхамбетова ашық отырыстардың бірінде гранттық қаржыландырудың қаншама жыл бойы шешілмеген шаруалары дендеген дертке айналғанын айтты.
«Қаңтардың басында сол жылға Жас ғалымдарға арналған грантқа құжат тапсырамыз. Өтінім формалды тексерісте болады. Әрине, біз құжатта гранттық жобаның қаңтарда басталғанын көрсетеміз, бірақ сараптама өткізілмеді, осыншама жұмыс жүргізіліп біткенше жаз болады. Біздің альянсқа мүше зерттеушілердің тәжірибесінен білемін, кейбір университеттерде былтыр қазан, тіпті қараша айында алғандар болған. Сонда бұл жоба бізде үшжылдық емес, екіжылдық қана болады. Өйткені грантқа жобаны өткіземін, тексертемін, бәрінен өтіп, қаржы аламын дегенше осы болады. Өткен жылы жалпы конкурста грант жеңіп алған жоба жетекшісі, яғни ғалым үшжылдық грант аясында докторант даярлауға міндетті болатыны хабарланды. PhD даярлауға кемі үшжылдық оқу керек. Ал грант пен докторанттың оқу мерзімі бір-бірімен сәйкеспейді. Түптеп келгенде, 3 жылға берілетін бір гранттың аясында докторантты даярлау мүмкін емес», деді спикер.
Ә.Ермұхамбетованың айтуынша, «Ғылым туралы» заңның редакциясына ғылыми жобалардың уақытын 5 жылға созу туралы өзгеріс енгізілген. Бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді. Мұның себебін министрлік қанша мәрте түсіндірді, алайда қайткенде де мәселенің нүктесін қою керек. Ғалым өзінің жұмысына, қосымша жеңіп алған гранттық жобасына, жылдар жұмсалатын ғылыми мақаланы жазу, шығаруға жауап берумен қатар, енді докторанттың диссертациясын жазбақ па? Талап осыған әкеліп отыр, өйткені докторант ертең қорғамай қалса, тағы сол грант алған ғалым кінәлі. Дәл осы тиімсіз жүйе докторанттардың ғылыми жетекшісіне қалағанын жасатып, ойындағы жалақысын қойғызуына жеткізуі мүмкін. Себебі докторант болмаса, грант болмайтынын біледі. Осы түйткілді қазір қолданыстағы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңына өзгеріс енгізу арқылы түбегейлі шешу керек. Тым болмаса жобаның уақытын созу қажет.