Жасанды интеллект • Бүгін, 09:33

ЖИ бюрократиядан арылуға жәрдемдесе ме?

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде жасанды интеллект жаһан жұртын өз жетегіне ертіп алып барады. Нейрожелі қоғамның да, экономиканың да барлық саласына дендеп еніп келе жатыр. Бұл көштен біздің ел де қалыспауға барынша тырысады. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Сол жиында мемлекеттік аппараттың жұмысын жеңілдету, мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, саладағы бюрократияны жою мәселелеріне де басымдық берілген-ді.

ЖИ бюрократиядан арылуға жәрдемдесе ме?

Мемлекет басшысы кеңесте жасанды интеллектіні енгізу күн құрғатпай қолға алынуы керек салаларды атап өтті. Солардың қатарында мемлекеттік қызметті жүзеге асырудың тиімділігін арттыру мәселесі де сөз болды. Яғни Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл – айдан анық дүние.

«Жасанды интеллект мемле­кет­тік аппараттың жұмысын мейлінше жеңілдетуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстанда қызметтердің басым бөлігі әлі де «цифрлық фиксация» күйінде. Яғни құжаттар электрондық түрде беріледі, өңделеді, бірақ рәсім­деудің өзі мемлекеттік қызмет­шінің араласуын талап етеді. Шын мәнінде, бұл – қағаз жүзіндегі бюрократияны цифрлық форматқа көшіру ғана. Бұдан тиімділік еш артқан жоқ. Біз жасанды интеллектіні қолданып, қандай қызметтерді толық өзгертуге болатынын нақты айқындап алуымыз керек. Ал одан босаған ресурстарды басқа да күрделі әрі пайдалы жұмыстарға жұмсауға болады. Сондықтан Үкімет үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әсіресе өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысында кеңінен пайдаланған жөн. Бізге тұтас мемлекеттік басқару жүйе­сінде қолдануға болатын нақты тетіктер өте қажет», деді Қ.Тоқаев.

Президент айтып отырған тетіктер – ол ЖИ көмегімен ең­сері­летін жобалар. Осы ретте сала маманына қолқа салып, Мем­лекет басшысының тап­сыр­ма­сының маңызына тоқтала ке­туін сұрадық. «TrustМе» жоба­сы­ның негізін қалаушы, кәсіпкер Шыңғыс Дәулетбаевтың айтуынша, еліміз көштен қалмау үшін жасанды интеллектіні дамытып, мемлекеттік қызмет көрсету үде­рісін оңтайландыра алады.

– Менің ойымша, жаңа технологиялар, стартаптар тыңнан табыл­ған мұнай сияқты. Сондық­тан біз мұндай жобаларды назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мемлекет басшысы кеңе­с­те: «Біз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістікке қол жеткіз­дік, бірақ босаңсуға болмайды», деп атап өтті. Бұл пікірмен то­лық келісемін. Еліміз Еуразияның цифрлық хабына айналуға ниет­ті. Ол үшін елімізде «Astana Hub», «Astana International Financial Center» сынды тиісті цифрлық инфрақұрылым бар. Жалпы, жаңа технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні дамыту бізге мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін оңтайландыруға жол ашады, – дейді Ш.Дәулетбаев.

Ол теңізге шыға алмайтын біз­дің мемлекет сияқты дамушы елдер ақпараттық технология­ларды дамыту арқылы қосылған құны жоғары тауарларды өнді­руге мүмкіндік алады деген тұжы­рымын жеткізді.

– 5 тамызда Мемлекет басшысы «Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Біз цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астанада Alem.AI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынты­мақтастыққа әр­дайым ашық­пыз» деп мәлім­деме жасады. Бұдан мем­лекетіміз­дің IT саласын дамытуға құлшынысы жоғары екенін көруге болады. Сонымен қатар бұған «Neo-Nomad Visa», «Digital Nomad Visa»-ны қосыңыз. Бұл бізге шетелден білікті және төлем қабілеті бар мамандарды тартуға, бәсекеге қабілетті жаңа цифрлық өнім шығаруға мүмкіндік береді, – деді Ш.Дәулетбаев.

Сондай-ақ ол «TrustМе» жоба­сы­ның аясында мемлекетке жаңа шешімдерді ұсынғанын да жет­кізді. Сол жобалар аясында кейбір мемлекеттік қызмет түрлерін жетілдіруге әбден болады.

– Биыл ақпанда Үкімет отыры­сына шақырту алдық. Онда цифр­ландыру мәселесі талқы­ланды. Бізбен қатар басқа да IT ком­паниялардың өкілдері сөз сөй­леді. Премьер-министр Олжас Бектенов бізге сенім артып: «Осындай жас кәсіпкерлер елімізді алға сүйрейді. Сіздерде өнімді экспортқа шығару туралы жос­пар бар. Сондықтан өз тарапымыздан қандай қолдау көрсетуге болатынын қарастырамыз», деп жобамызға қолдау білдірді. Кейін Үкімет «TrustМе» шешімдерін мемлекеттік секторға енгізу керек деген тапсырма да берді. Шы­нымды айтсам, мемлекеттік ор­ган­дармен жұмыс істеу оңай емес. Аталған секторда біз аудит жүр­гізіп, біраз өзекті мәселенің бар екенін анықтадық. Біз оларды шеше аламыз деген ойдамын, – деді ол.

Осы орайда Шыңғыс Дәулет­баев өз сөзіне мысал да келтіре кетті.

– Мәселен, еңбекке жарамсыз­дық парағын алайық. Қазір сіз бұл анықтаманы алу үшін алдымен емханаға барасыз. Кейін оған қол қойдырып, жұмыс беруші­ге апарасыз. Ашығын айтқанда, уақытыңызды жұмсайсыз, арасында жүйкеңіз де жұқаруы мүм­кін. Біздің «TrustМе» платформасында мұны тез атқаруға бола­ды. Менің ойымша, аталған жоба арқылы жұмысты жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтегі бюкратияны жеңуге, саладағы қызмет көрсету үдерісін оңтай­лан­дыруға мүмкіндік мол. Нәти­жесінде, еліміздің цифрлық эко­но­микасының дамуына өз үле­сімізді қоса аламыз, – дейді «TrustМе» жобасының жетекшісі.

Сонымен қатар ол отандық өнімге мемлекеттің қолдауы ауадай қажет екенін де ашық айтты. Сол себепті де олар Президент пен Премьер-министрге арнайы хат та жазған. Қысқаша қайырсақ, хатта «TrustMe» жобасын жасанды интеллект, цифрландыру және технология экспортына арнал­ған мемлекеттік бағдарламаларға енгізу мүмкіндігін, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания­ларда өздерінің шешімдерін қолдана отырып, қанатқақты жоба­ларды іске асыру мәселесін қарастыруды сұрапты.

Сондай-ақ әңгіме барысында Ш.Дәулетбаев мемлекет қар­жысын тиімді игеру үшін салаға стартаптарды тартуды да ұсынды.

– Біріншіден, бұл стартаптар өз шешімдерін кейін басқа жекеменшік компанияларға да ұсына алады. Екіншіден, стартаптар шетелден инвестиция тарта алады. Мысалы, біздің «TrustMe» компаниясын айтуға болады. Үшін­шіден, стартаптар кадр мәсе­лесін тиімді шеше алады әрі жұ­мыс қарқыны жоғары болады және клиенттің мүддесін ойлайды, – дейді Ш.Дәулетбаев.

Оның пікірінше, BTS-Digital мен «Ұлттық ақпараттық техноло­гиялар» АҚ сияқты мемлекет­­­тік компа­нияларға бөлінген қара­жа­тпен стартаптарға, яғни нарық­­қа бе­рілетін қаржыны салыстыру қа­жет. Ол сондай-ақ министр­лік­­тер қай жобаға қаржы бөлу керек­­тігін өзі таңдауы қажет екенін, сонда ғана нәтиже әлдеқай­да жоғары болады деген ойын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар