
Бүгінде мегаполистегі ғимараттардың сыртқы және сәулеттік жарықтандыру жүйесін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жалғасын тауып отыр. Бағдарламаны іске асыру қала көшелерін анағұрлым қауіпсіз етіп, қоғамдық кеңістіктерді көркейтеді.
Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының дерегінше, жыл соңына дейін қаладағы 1189 аумақта 20 мыңнан астам шам мен торшер орнатылған. Жұмыс барлық ауданды қамтып, көшелер толықтай жарықтандырылады. Қазірдің өзінде Әуезов ауданында жоба аяқталып, Медеу ауданында жалғасын тапқан. Басқа аумақтарда да жұмыс қарқын алған.
Сәулеттік жарықтандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 70 ғимарат пен әлеуметтік нысанның жарық беру жүйесі жаңартылмақ. Қазір оның 25-інде жұмыс толық аяқталды, атап айтсақ, олар тұрғын үйлер, мектептер, медициналық мекемелер және жоғары оқу орындарының ғимараттары.
Дархан Сатыбалды жарықтандыру жүйесін дамыту қаланың тұрмыс сапасымен тікелей байланысты екенін атай келе: «Сәулеттік жарықтандыру жұмыстарын жеделдетіп, көше шамдарына қатысты барлық нысанды қатаң бақылауға алу қажет. Бұл тек көркейту емес, қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін де аса маңызды шаруа», – деді.
Жобаның тиімділігін арттыру үшін «Алматы Қала Жарық» кәсіпорнының жұмысын күшейту және заманауи «ақылды» технология енгізу ұсынылды. Орнатылып жатқан шамдар Smart Lighting жүйесіне қосылуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылармен жабдықталған. Бұл болашақта жарықтандыруды автоматты түрде басқаруға жол ашады.
Әкім Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына сәулеттік жарықтандыру бойынша қалған ғимараттарда жұмысты жеделдетуді, аудан әкімдіктеріне ресурсты жұмылдырып, көше жарығының барлық нысанын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.