Қоғам • Бүгін, 13:00

Тоқаев: Әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа 15 жыл бойы жол берілді

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік саясаттың қазіргі ахуалына тоқталып, оны түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, шектен тыс жеңілдіктер мен жүйесіз төлемдер мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсауға себеп болып отыр, деп жазады Egemen.kz

Тоқаев: Әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа 15 жыл бойы жол берілді

«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді», деді Президент.

Мемлекет басшысы КСРО ыдырағанына 35 жыл өтсе де, түрлі қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арналған төлемдер мен жеңілдіктердің әлі жалғасып келе жатқанын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдерді қолдан көбейту – елдің даму қаржысын босқа шашу екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп, аурухана және инфрақұрылым салуға бағытталуы тиіс қомақты қаражат әлеуметтік жеңілдіктерге артық жұмсалып жатыр.

Мемлекет басшысы кезінде енгізілген «толық емес отбасы» санатының ажырасулардың күрт өсуіне ықпал еткенін мысалға келтіріп, мұндай қадамдардың қоғамға зиян тигізгенін айтты.

«Әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», деді ол.

Сонымен қатар Президент демографиялық үрдістерді терең зерттеу қажеттігін атап өтіп, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасанды интеллектіні қолданатын Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың басым бөлігінде жинақ аз, бұл жүйенің болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан Үкіметке, Ұлттық банкке және Стратегиялық жоспарлау агенттігіне зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

Президент сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын айтып, «AMANAT» партиясы ұсынып отырған «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Оның аясында өткен жылы 845 мың адам кеңес алып, қаржылық білімін жетілдірген.

«Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.