Инвестиция • Бүгін, 08:23

Жаңа кезеңге аяқ басты

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде цифрлық технологиялар экономиканың барлық саласында белсенді енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрландырудың ел дамуындағы рөліне айрықша тоқталды. Осы ретте, ауыл шаруа­шы­лығында жасанды интел­лектінің енгізілуі дәстүрлі егіншіліктен зияткерлік агроөнер­кәсіпке көшуге мүмкіндік береді. Қостанай облысында өсім­дік шаруашы­лығында «Мetos» ком­па­ниясы­ның озық технологиялары енгі­зіліп жатыр. Олар 35+ дақыл­дар­­дағы аурудың 85-тен астам түрін ерте анықтау үшін, сондай-ақ ауа ра­йы­ның сағаттық болжамын қам­тамасыз ету үшін қолданылады.

Жаңа кезеңге аяқ басты

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Барлық дерек нақты уақыт режімінде ұсынылады, бұл тиімділікті арттыру және егін шығынын азайту үшін жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мал шаруа­шылығында да біз «ақыл­ды» фермалар тұжырымдамасын енгізіп жатырмыз. Электрондық болюс – капсула­лар­дың көмегімен сүтті сиырлардың денсаулы­ғын тәулік бойы зияткерлік талдау қам­тамасыз етіледі. Жасанды интеллекті бастапқы деректерді лезде өңдеу арқылы аурудың дамуын болдырмайтын ықтимал мәселелерге нақты ұсыныс береді.

Осылайша, бүкіл «ақылды» ферма үшін төтенше туындайтын әр­түрлі мәселе айтарлықтай азаяды», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов «KIA Qazaqstan» зауыты аумағында өткен «Жасанды интеллектінің өңір дамуында ала­тын орны» атты инвестициялық форумда.

Аймақ басшысының айтуынша, инвесторларды қолдаудың өндіріс­тік, көліктік және сервистік инфра­құ­рылымы жетілдіріліп жатыр

«Нәтижесінде, кейінгі 5 жылда өңір экономикасына 3 млрд доллар тартылды. Бірінші тоқсанда облыс экономикасына шамамен 200 млн доллар инвестиция салынды. Қостанай – ел көлемінде боксит, асбест және темір рудасын өндіретін бірден-бір аймақ. Біз темір илемдері мен темір кені концентратын өндіру жағынан, автомобиль, АӨК-тің өңделген өнімдерін, оның ішінде азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша бірінші орында тұр­мыз. Қазірде өңір экономикасын одан әрі дамытатын төрт негізгі стра­те­гия­лық бағытты белгілеп алдық, олар – машина жасау саласы, көлік-логис­тика­лық инфрақұрылым, қара метал­лургия және агроөнеркәсіп кешені», деді әкім.

Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Алешко Симкич астық өнімділігін арттыру, суды тиімді пайдаланудың озық технологиясын кеңірек қолданысқа енгізу тұрғысынан Қостанай облысымен екіжақты тиімді байланыс орнату­дың маңызы зор деп есептейтінін жет­кізді. Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун «Astana Hub» техно­паркінің және оның Қостанайдағы филиалы – «Qostanai Hub»-тың маңы­зын атап өтті. Форум аясында ауқым­ды технологиялық көрме ұйым­дас­ты­рылып, онда жасанды интел­лекті технологияларын бизнес­те, өндіріс­те белсенді қолданатын компания­лар­дың өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Солардың бірі – «ERG» құрамындағы «ВТS» компаниясы.

«Біз форумға жасанды интеллекті бағы­тында жасалған 3 жоба алып кел­дік. Біріншісі, карьер маңында жұ­мыс істейтін техникалардың бар­лық іс-қимылына мониторинг жасайтын цифрлық сыңары. Сондай-ақ жұмыс­шы­лардың қарым-қатынасын жеңіл­де­­тетін, қызметтік қажет­тіліктеріне бай­ланысты ақпарат­ты тез алуға болатын «Еrgiz» жүйесі бар. Үшіншісі – кез келген автомат­тан­ды­рыл­ған өндіріс орынының мыңдаған іс-қимылын жинақ­­тап, кәсіпорын басшылығына, техно­ло­гия­ға жауапты қызметкерлерге әп-сәтте мәлімет, бағыт-бағдар беріп отыратын «Mes» жобасы. Біздің компания енгізген инновациялық бағдарлама бүтін бір зауыттың еңбек өнімділігін 30%-ға арттырады», дейді «Еуразиялық одақ BTS» ЖШС бас директоры Мағауия Ысқақов.

 

Қостанай облысы