ЖОЛДАУ • Бүгін, 07:45

Жолдаудың негізгі бағыттары сараланды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу­лер институтының ұйымдастыруымен «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңында «Президент Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағыттары» тақыры­бындағы отырыс өткізілді. Оған мемлекеттік органдардың, талдау орталықтарының, жоғары оқу орындарының, ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Жолдаудың негізгі бағыттары сараланды

Сарапшылар цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, институционалдық реформалар, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, инвестициялар мен өңірлік даму сынды Жолдауда көрсетілген негізгі бағыт­тарды талқылады. Сондай-ақ білім сала­сының рөлі мен әлеуметтік бас­тамаларға да ай­рықша тоқ­талды.

Отырысқа модераторлық еткен ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­да­уы елдің саяси, экономи­ка­лық және әлеуметтік дамуына стра­те­гиялық бағыт сілтейтінін атап өтті.

– Расында, Президент бастамашы болған саяси өзгерістер түбегейлі сипатқа ие және жаңа саяси дәстүрлер мен жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға негіз болады. Бұл өз кезегінде еліміздің әрі қарайғы саяси жаңғыруы­ның іргетасы болмақ, – деді Ж.Шаймарданов.

Отырыста алғаш болып Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқару­шы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов сөз сөйлеп, бұл Жолдау шынында да страте­­­гия­­лық сипатқа ие екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда заман талабына сай мемлекеттер мен ұлттар жаһандық бәсекелестік жағдайын­да өз әлеуетін күшей­тіп, ұзақмер­зімді тұрақты дамуға көшу үшін бірнеше бас­ты факторға назар аударуы қажет. Біріншіден, бұл – адам факторы, яғни құндылықтар мен мәдениет, адам капиталы. Екіншіден, технологиялық факторлар, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрландыру. Үшіншіден, институционалдық саяси жүйе факторы. Президент Жолдауы осы үш бағытты да қам­тыған кешенді құжат болды және бұлардың әрқайсысының өзіндік орны бар, – деді Ә.Байменов.

Сондай-ақ ол Жолдаудың саяси реформаларға қатысты тұсына ерекше тоқталды.

– Президент атап өткендей, бір палаталы Парламентке көшу – саяси жүйенің тұрақтылығын арттырады. Қазіргі қолданыстағы Конституцияда екі палатаның арасында қайшылықтар туындап, кейде саяси күйзелістерге де себеп болуы мүмкін. Сенат өз функциясын орындады, алайда оның енгізілуі негізінен шетелдік тәжірибеге жақындастыру мақса­тында болғаны белгілі. Сонымен қатар ол кей жағдайда Мәжілістің қызметін тежейтін күш ретінде қарастырылды. Дегенмен бір палаталы Парламент мем­леке­тіміздің унитарлық таби­ға­ты­на жақын әрі саяси жүйенің тұрақ­тылығын күшейтеді. Бұдан бөлек, партиялардың дамуына да жаңа серпін береді, – деді сая­саткер.

Сонымен қатар ол, өкінішке қарай, қазіргі уақытта еліміздегі сая­си партиялар толық қалып­тасып үлгермегенін ашып айтып, партия­лардың алдында үлкен міндет тұр­ғанын да атап өтті.

Президент жанындағы ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева Жолдауда көптеген маңызды мәсе­ле көтерілгенін, соның ішінде әлеуметтік саясат саласына тоқталды.

– Бұл мәселе мемлекет үшін ең үлкен шығындардың бірі екені белгілі. Индексация, субсидия сияқты түрлі қолдаулар бюд­жетке айтарлықтай салмақ түсі­ріп отыр. Президент атап өткендей, әлеуметтік көмекті алатын адамдардың санатын қайта қарау қажет. Өйт­кені кейбір адамдар шын мә­нін­де көмекке мұқтаж болса, енді біреулер масыл­дық пси­хологияға бой алдырып отыр. Сол себепті осы санатты қайта қарап, шынайы мұқ­таж жандарға ғана қолдау көрсету маңызды. Бұл қадам, бір жағынан, бюджетке түсетін ауырт­палықты жеңілдетсе, екін­ші жағынан, экономикалық даму­ға бағытталатын қаражатты көбейтуге мүмкіндік береді. Әрине, мұны жүзеге асыруда басты құрал – цифрландыру. Егер әлеу­меттік саясатта цифрлық жүйе­­лерді кеңінен енгізсек, әділ әрі тиім­ді шешімдер қабылданады, – деді ҚСЗИ ғалым хатшысы.

Сондай-ақ Стратегиялық жос­парлау және реформалар агент­тігі төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсмaнов, Astana IT University цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің деканы Альтаир Ахметов, Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов сөз сөйлеп, Жолдаудың басым бағыт­тарынан ой өрбітті.

Жиынды түйіндеген Жандос Шаймарданов сарапшылар пікір­лері Президент Жолдауын жү­зеге асырудың тиімді тәсілдерін қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.