
Фото: Ашық дереккөз
Оның айтуынша, бүгінде елде жаңа модельге өтудің дайындығы басталып кеткен. Жаңа жүйеге сәйкес 6 жасар балаларға арналған бір жылдық даярлық кезеңі мектеп бағдарламасына енгізіледі. Мұндай қадам ұлттық білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға, түлектердің дайындық сапасын арттыруға және олардың шетелдік жоғары оқу орындарына тікелей түсуіне мүмкіндік беруге бағытталған.
«Қазіргі таңда біздің түлектер шетелдік университеттерге қабылдану үшін міндетті түрде foundation деп аталатын бір жылдық дайындық курстарынан өтеді. Бұл олардың уақытын жоғалтуына әкеледі. Егер біз 12 жылдық жүйені заңнамалық деңгейде енгізсек, түлектерімізге бірқатар елде foundation қажет болмайды және олар бірден бакалавриатқа түсе алады», деді вице-министр.
Gazeta.uz деректеріне қарағанда, осыған қатысты Президенттің тиісті жарлығы әзірленіп қойған. Құжатқа қосымша түсіндірме жазбада қазіргі 11 жылдық оқу мерзімінің халықаралық талаптарға сәйкес келмейтіні, сондай-ақ мектеп бітірушілерді жүйелі даярлау тетіктерінің жеткіліксіздігі айтылған. Соның салдарынан жыл сайын шамамен 15 мың өзбекстандық түлек шетелде қосымша бір жылдық foundation оқуын өтуге мәжбүр.
Жаңа реформаға сәйкес Өзбекстандағы білім беру құрылымы мынадай болмақ:
- Бір жылдық дайындық кезеңі;
- Төрт жылдық бастауыш мектеп;
- Бес жылдық негізгі орта білім (5–9 сыныптар);
- Екі жылдық жалпы орта білім, оны мектептерде, лицейлерде, әскери училищелерде немесе техникумдарда жалғастыруға болады.
Айта кетейік, Өзбекстанда 2010 жылдан 2017 жылға дейін 12 жылдық білім беру жүйесі болған. Ол кезде оқыту «9+3» сызбасы бойынша жүргізілген. Яғни, 9-сыныпты аяқтағаннан кейін оқушылар кәсіби колледждерде немесе академиялық лицейлерде міндетті түрде оқуын жалғастырған. Алайда 2018 жылы үкімет бұл тәжірибені тиімсіз деп тауып, қайтадан 11 жылдық оқу жүйесіне оралған еді.