
Баянғали ағаны алғаш осы драмасы арқылы таныдым әрі таңдандым. Себебі ол тұста заманның бедері қарабарқын еді. Тәуелсіздік бар, бірақ рухани ұстыны әлсіз-тін. Осы сипат қойылымда көрініс тапқаны елең еткізді. Драмада қазақ танымына «коммунист колонизаторлар» (С.Сәдуақасұлы) сіңірген шайтани дәстүр менмұндалайды. Туынды шерімді шайқап жіберді.
Сені күллі әлем әспеттесін, бар ғалам қадір тұтсын, бірақ туған халқыңа иненің жасуындай пайдаң тимесе, бәрі бекер. Әсіресе қазақ сияқты ұзақ жыл отарлық езгіде болған халықтың азат ұлдарының міндеті – әлемді бағындыру емес, үш ғасыр қанды жасын ағызған халқының жасын құрғатып, көңілін көтеру. Ұлт көсемі Ақаң (Байтұрсынұлы) айтқандай: «Адамдықтың егінін шаштым ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың». Халықтың санасына сіңіп, тұла бойына үрей болып еніп кеткен бодандықты жыланның терісіндей сыпырып тастайтын кім? Ол – азат ойлы ұлт қайраткерлері. Өз басым Баянғали көкемді осы топтың маңдайалды серкесі деп танимын.
* * *
Сәл шегініс. Баяштың туған жері – апайтөс Сарыарқа. Соның ішінде көк мұнарлы Көкшетау. Арқаны әнмен қырған Біржан, қазақтың қайнар суаты ислам үшін жар кешкен Шаймерден Қосшығұлов, өлке шежіресінің майталман білгірі Қарта Қаңтарбаевтар туған топырақтың түлегі. Байырғы қазақ ұсталары алмас қылыш соққанда, оны көріктің көмір шоғымен балқытып, шыңыраудың таза суымен суаратыны сияқты, Баянғалиды жарықтық әкесі Тақан батырлар жырымен сусындатқан екен. Өзі айтады: «Әкем соғыстан жаралы болып оралған майдангер еді, күнді түнге жалғап жыр оқитын, ал анам Бәтима Қодасқызы Шәкәрім қажының «Қалқаман – Мамыр» дастанын жатқа соғатын. Марқұмдар жасы егделенген тұста «Бәкөш, жыр оқы», деп мені сарнатып қоятын».
Мәселе қайда жатыр? Сәл кеңейтіп айтсақ, сайын дала Сарыарқа – ресейлік, одан кейінгі кеңестік отарлаудың қанжары терең қадалған, сырнайзасы сұғына шаншылған, ұңғысы үңірейіп көмейінен жалын шашқан отқарудың оғы ойрандаған өлке. Қайнары тартылған өңір тұрғындары не көрмеді. Өрісі тарылды, тұғыры тайды. Бірақ атам қазақ айтқандай, «су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді» екен.
Баянғали туған тұста Арқа қазағының руханияты окопта бұғып жатқан-тын. Окоп дегеніміз – отбасы. Баянғали ағам айтады: «Мен осы окопта қалған отбасылық тәрбие түлегімін. Ескінің жолын білетін ата-аналарымыз, Абай атамыз айтқандай, бұқара халық «саңырау қайғы» жамылғанын білді. Бірақ олар отбасы-окоптың шебін берік ұстады. Мен осы кісілерді «момын батырлар» деймін. Шегінерге арты – жар, алды – құз. Окоптан басын қылтитып қарап отырған жұртқа «неге батыр болмайсың?» деп едіреңдемей, қолыңнан келсе, ағартушылық жасау керек».
Әлімжановтың бұл пайымына жүз пайыз қосыламын. Қазіргі қазаққа ағартушылық керек. Дәл Алаш арыстары атқарған ағартушылық. Абай атамыз айтқандай: «Қаруыңның барында қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел». Баяш аға толғайды: «Әдебиеттің мақсаты – ізгілік іздеу, ізгілікке бастау, ізгілікке шақыру. Сұлтанмахмұтша айтқанда, «Қарайған қанымызды тазартуға қызмет ету». Менің шығармамды оқыған оқырманның кішкене болса да жан дүниесі нұрланып, одан рухани қуат алса, қаламгерлік миссиям орындалғаны деп ойлаймын».
Асырып айтты демеңіз, Әлімжанов кезіндегі Алаш қайраткерлері сияқты – сан қырлы тақырыпқа қалам тартқан һәм бір-біріне өзектес болса да, стилі басқа, жолы өзге өнерлердің барлығын дерлік тізгіндеген, тізгіндеп қана қоймай, айылын тартып, ер салған адам.
Мысалы, Баянғали Әлімжанов – жазба ақын, жазушы, драматург, айтыскер, жыршы, жырау, манасшы, балалар ақыны, балалар жазушысы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, кинорежиссер, сценарийші, актер, сыншы, сатирик, тележүргізуші, аудармашы, т.б. Мен осы тізімге «айыркөмей шешен» деген тіркесті қосар едім.
Бірде көкемізден «Қаптаған қалың өнердің өзіңізге қайсысы жақын?» деп сұрадым. Әуелі «осындай да сұрақ бола ма» дегендей біз пақырға үңіліп бір қарады. Сұңғыла жан емес пе, сауалдың шынайылығын сезсе керек: «Маған бұның бәрі жақын, – деді. – Өйткені бір тәңір тағдырыма сыйлаған сан-салалы өнердің кез келгенін қолдың ұшымен іліп-шалып жасамаймын. Бұл дүниелер – менің жанымның үзіліп түскен жапырақтары. Рухани, көркем әлемім».
Көкем айтады: «Балалық шақ, балғын күнімде екі арманым болды. Біріншісі – жазушылық, екіншісі – атақты футболшы атану». Испан жазушысы Габриэль Маркестің «Ұлы жазушы болу үшін үлкен арман керек» дегенін оқып едім ертеде. Сол сияқты Абай атамыздың да Лермонтовтан аударған «Надандар былшылдайды, құп алмайды, Үлкен жанның арманын ұға алмайды» дейтін тіркесі бар. Демек Баянғали Тақанұлын ең әуелі ұлт руханиятының айдын шалқарына әкеліп жүздіріп қойған – оның бала күнгі арманы.
* * *
Басқаны қайдам, ағамыздың драматургиядағы шабысы туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев: «Драматургияда біз білетін үш жанр бар: трагедия, драма, комедия. Баянғали соның бәріне қалам тартты. Кейіпкерлері – қарапайым ауыл адамдары. Олардың әр алуан мінезі жүрегіңе үлкен із қалдырып, өте тартымды көрініс береді. Шынайы өмірдің өзі екені, реализмге негізделгені көрініп тұрады», депті.
Жазушының қаламынан бүгінге дейін 30-ға жуық драмалық туынды дүниеге келіпті. Десе де, жазушының кейінгі жылдары Мағжан жазған «Батыр Баян» поэмасын сахнаға лайықтап жаңа тынысын ашқаны анық.
Келесі кезекте жазушының басым қыры – жыршылығы. Соның ішінде манасшылығы бір төбе. Кезінде жорық атындай жосыла шапқан Баянғали жырауға риза болған Ғафекең (Қайырбеков) жарықтық: «Шабыттың шын перзенті, төл баласы, Ежелгі жүйріктердің олжаласы...» деп бетінен сүйіпті. Сол сияқты өткен жылы сәуір айында Астана қаласында Манас ескерткішінің ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемде ұлты қырғыз емес жалғыз манасшы бар, ол – Баянғали Әлімжанов» десе, төрт жыл бұрын Баяш көкеге қырғыз халқы атынан «Достық» орденін тапсырған Қырғыз Президенті Садыр Жапаров: «Екі елді жалғап тұрған манасшылар көпірі», деген екен.
Қырғыздар Манасты «жанды эпос» деп, манасшыны қырғыз халқының ең қадірлі адамы дейді. Өйткені манасшы арқылы халыққа жырдың рухы дариды. Осыны аңғарған жыршы бірнеше жылдың алдында эпостың негізгі сюжеттік желісін сақтай отырып, шым-шытырық оқиғалар мен сарындарды қиыстырып, бір-біріне іліктіріп, түйіндеп, қара сөзбен тәпсір жасап, төрттомдық жырдың қазақша сараланған нұсқасын кітап етіп оқырманға ұсынды. Яғни әрбірі төре табақтай төрт том жырды Баяш аға бір қауызға сыйдырды.
Кейінгі жылдары Баянғали Тақанұлы орысша жазып жүр. Автор көп жыл бойы өзінің жаны мен бойына сіңген рухани байлығын, атап айтқанда, батырлар туралы хикаялар мен әрбірі атан түйеге татитын аңыздарды орыс ағайындар оқысыншы, сөйтіп, дәмін татып, суын ішіп, ауасын жұтып жүрген жерінің тамырын білсінші деген ниет екен. Аса құптарлық дүние. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары қайраткер-жазушы Мұхтар Мағауин Мәдениет және ақпарат министрлігіне: «Қазақтың мұңы мен жырын, рухани құндылығын, арман-мақсатын орыс тілінде жазатын газет шығару керек», деп ұсыныс айтқан еді. Баяш аға дәл осы олқылықтың орнын толтыру үшін еңбектеніп келеді.
Сөзімізге дәлел – «Сказ столетнего степняка», «Судья и судьба», «Правда из Вантерио» атты романдары және «Разрешите жить!», «Аблай хан и батыры» повестері. Бұл қатарға «Доброжелательный Аскар», «Мальчик, победивший Джалмауз» атты ертегілер жинағын қосып қойыңыз. «Абылай хан и батыры» кітабы ағылшын, түрік, т.б. көптеген тілге аударылды. Екі жылдың алдында аталған кітаптың түрік тіліндегі нұсқасының тұсаукесері Анкарада өтті. Осы іс-шарада туындымен танысқан түрік жазушысы Иввуз Пынарбашы: «Бұл кітапты күллі түрік баласы оқуы керек» десе, «Сказ столетнего степняка» кітабының ағылшын тіліндегі аудармасымен танысқан лондондық қаламгер Джоана Добсон: «Бұл кітаптан даланың иілмейтін рухани күшін сезіндім», депті. Сол сияқты Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің оқытушысы Валентина Ключарева: «Бұл кітап посткеңестік кезеңдегі тарихи үдерістердің антропологиялық аспектілерін зерттеуге арналған дереккөз», деп бағалапты. Автордың ағылшын тіліндегі шығармалары атақты «Амазон» жүйесі арқылы әлем оқырмандарына жол тартып жатыр.
* * *
Ал прозаик ретінде Баянғали Тақанұлы қазаққа баяғыда танылған. Шығармасының арқауы – ауыл өмірі. «Қиқыматтың хикаялары», «Қарасай батыр тұқымының толғауы» қатарлы кітаптар мен көптеген әңгіменің авторы. «Баянғали айтысқа түскенінде аузынан жыр қалай құйылып кететін болса, прозалық шығармаларындағы сөз тіркестері дәл солай құйылып тұрады», дейді әдебиетші ғалым Серік Негимов.
Әлімжановтың сегіз қырының бірі – ақындығы. Оған дәлел – «Таксидегі тағдырлар» поэмасы. Сондай-ақ әр кезде жазған жырлары «Қазақтың 100 поэмасы» және «Жыр маржаны» антологиясына енген. Өзі айтады: «Жасым елуге иек артқан шамада поэзияға бет бұрдым. «Жақсы ақын – иманның қарлығашы» деген қағидат ұстандым».
Бірақ қарапайым қауым Баяш көкені айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Айтысты 30 жасында бастапты. Бүгінге дейін әртүрлі деңгейдегі айтысқа 216 дүркін қатысып, 22 рет бас жүлде алған екен. Өзі айтады: «1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай республикалық айтыс өтетін болды. Осы дүбірге Алматы қаласы атынан қатысып, халық ақыны Әселхан апаммен (Қалыбекова) бір сағаттай сөз сайыстырдым. Сөйтіп, айтыс деген әлемнің босағасын аттадым. Ол замандағы айтыстың ерекшелігі – жаттандылық жоқ, табиғилық басым еді. Сондығымен де жұртқа ұнады».
Кезінде марқұм ғалым Аманкелді Айталы: «Тәуелсіз Қазақстандағы ең бір ақсап тұрған дүние – балалар әдебиеті. Осының әлсіздігінен біздің балаларды америкалық режиссерлер тәрбиелеп жатыр», деп еді. Бұл олқылықтың орны әлі толған жоқ. Тіпті күн сайын жанры (мультимедиа, бейнеойын, т.б.) түрленіп бізге жеткізер емес. Б.Әлімжанов жетпіске аяқ басқанда балалар әдебиетінің жалынан ұстады. Қаламгердің «400 тәтті тақпақ», «Әліппе-өлең», «Мейірімді Асқар» шығармалары қазақ балаларының сүйікті кітабына айналды. Тұңғыш данасы 2023 жылы жарық көрген «400 тәтті тақпақ» кітабы жыл сайын көп данамен жарық көреді. Кітапты еліміздің барлық өңірінде қазақ балаларымен бірге өзге ұлт өкілдері де тақылдатып жатқа айтып, бейнероликтерін ғаламторда таратып жатыр. Осылай жасөспірімдерге қуаныш сыйлаған ағамыз 2021 жылы «Табиғат пен балалар» атты көркем фильм де түсірді. Бұл да – қуанарлық оқиға.
* * *
Қысқасы, Баянғали Әлімжанов – мықты қазақ. Ерекше қасиеті – ешқашан еңбегін бұлдамайды. Өзі айтады: «Менің тағдырым – халқыма, қазағыма қызмет ету үшін жаралған және оны ешқашан басқаға айырбастаған емеспін. Халыққа қызмет еткен адамның басы далада қалмайды». Бұл пайымға біз де толық қосыламыз.