
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіндегі өзекті мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының дерегінше, облыста жыл сайын тұрмыстық 300 мың тонна қалдық шығарылса, соның небәрі 100 мың тоннасы қайта өңделеді. Пластиктен сыпырғыш, пакеттер, қаптар мен пластик түйіршіктері шығарылады. Құрылыс қалдықтары, көлік шиналары, макулатура мен көлік аккумуляторлары да өңделеді. Қазір қалдықты қайта өңдейтін зауыт құрылысын салу бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жиынға қатысушылар шыны, қуат батареялары мен жасыл желекті қайта өңдеу мәселелерін көтерді. Мамандардың сөзінше, полигондағы шіріген шөп пен өзге де органикалық материалдар улы газ бөліп, қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян келтіреді. Газдардың қызуынан атмосферада жылу энергиясы түзіледі. Бұдан парниктік эффекті пайда болып, ауа ластанады. Ал ыдырап кететін өнімдер топырақ қабатын улап, жер астындағы су қабаттарына түседі. Бұған қоса, айналасындағы өсімдіктер мен жәндіктерге зиян келтіреді. Қалдықтардың мұндай теріс әсері, әсіресе сенбіліктер өтетін күз бен көктемде айқын байқалады.
«Шыны қалдықтары бойынша мәселе барын жасырмаймыз. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруға төрт жоба ұсынылды. Алғашқысы – Павлодардағы сұрыптау желісінің құрылысы, екіншісі – Екібастұздағы қалдықтарды өңдеу жабдықтарын сатып алу, үшіншісі – макулатураны өңдеу зауыты болса, соңғысы – қолданыс мерзімі аяқталған аккумуляторлы батареяларды сақтау және қайта өңдеу. Ал жасыл желектер бірден полигонға шығарылып отырады. Онымен нақты шұғылданатын инвесторларды іздеу қажет», дейді жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев.
«Экосервис-ПВ» ЖШС басшысы Әлихан Албақов Павлодардағы күл-қоқыс полигонының 2027 жылға дейін ғана рұқсаты бар екенін хабарлады. Егер рұқсат қағаздарын қайта қарап, мәселені шешпесе, күл-қоқысты реттеу саласында үлкен мәселе туындауы мүмкін. Сағын Төлеутаевтың айтуынша, қазір полигонды ұзарту мәселесімен қала билігі айналысып жатыр. Бірақ ол үшін ең әуелі рекультивация жобасын қайта қарау қажет. Полигонда әлі де 5–10 жыл қалдықтарды жинайтын орын бар. Тек құжаттандыру мәселесін шешуге тура келеді.
Қоғамдық кеңесте «ЭкоАлем-ПВ» ЖШС-ның өкілі де өзекті мәселе көтерді. Аталған фирма қаладан шығарылатын күл-қоқысты қабылдайды. Қазір компания мен мемлекеттік органдар арасында дау-дамай жүріп жатыр, бір шеті сотқа жеткен.
«Былтыр фирмамызды экология департаменті тексеріп, эколог мамандар теориялық есептеулер негізінде заң бұзушылықтарды анықтады. Нақтырақ айтқанда, олардың есебінше қалдықтар көлемін екі есе көп қабылдап қойыппыз. Бұл жерде заңнамамен белгіленген стандартқа сәйкес келмейтін коэффициент келтірілген», дейді «ЭкоАлем-ПВ» ЖШС өкілі.
Серіктестік пен экология департаменті сотта бірнеше мәрте кездескен. Оның қорытындысында компанияға қатысты қайтадан тексеру тағайындалған. Экологтер оның нәтижесінде компанияға 28,5 млрд теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы қаулы шығарған. Мұншама көп айыппұл ендігі жерде қалдықтарды қабылдайтын оператордың банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін. Компания өкілдері егер жұмысымызды тоқтатсақ, қаладағы күл-қоқысты шығару саласында үлкен күйреу болады деген дәлелдемелерін келтіріп отыр. Фирма жабылғанның өзінде оның орнын баса қоятын компания әзірше жоқ. Сондықтан жоғарыдағы шешімнің күшін жоюды сұрайды.
Ауылдық жерлердегі күл-қоқыс орындарының мәселесі де көтерілді. Олардағы қоқыс полигондарына қойылатын талап қалалық жерлермен бірдей. Мамандар бұл талапты жеңілдету керек екенін айтады. Мәселені кеңірек түсіндіріп өтейік. Ертіс-Баян өңірінде заманға сай жабдықталып, экологиялық құжаттарын алған небәрі 4 қоқыс полигоны ғана бар. Олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан. Өкінішке қарай, Экология кодексінде көрсетілген ережеге сай келетін қоқыс орындарын ашу өзге елді мекендер үшін қаржылық тұрғыдан мүмкін емес. Заманға сай қоқыс алаңдарын салу, жабдықтау өте қымбат тұрады. Егер кодекске бағынып, барлық полигонды реттеп шығамыз десек, облысқа 300 млрд теңгеден астам қаражат қажет болады. Ал оны аудан тұрмақ, облыс бюджеті көтермейді. Бұл мәселе қазір ауылдық жерлердегі қоқыс төгу орындарының жағдайын қиындатып отыр. Яғни заң бар, бірақ оны орындайтын қаржылық ресурс жоқ.
«Аудан, ауылдардағы қоқыс полигондарының орналасқан жері ғана тіркелген. Заң бойынша оларда экологиялық рұқсат құжаттары, қоршау, таразы, қоқысты сұрыптайтын орын, арнайы көліктер болуы керек. Алайда ондай мүмкіндік аудандардың қолынан келмейтіні мәлім. Ауылдардың халқы рұқсат етілмеген полигондарға қоқыс тастауға мәжбүр болып отыр. Себебі жаңадан салынған қоқыс орындары жоқ. Қолданыстағы заңнама бойынша ауылдық полигондарды әзірге заңды деп санауға болмайды», дейді облыстың мемлекеттік экологиялық инспекторы Руслан Темірболатов.
Қоқыс алаңдарын ұйымдастыру елді мекендердің қолынан келмейтіндіктен, жергілікті тұрғыны көп Баянауыл, Майқайың, Тереңкөл, Ертіс ауылдарында полигон салу үшін Экология министрлігіне өтінім берілген. Бірақ министрліктен жауап жоқ. Жобаны іске асыру мерзімі – 7 ай.
«Төрт ауыл бойынша қоқыс орындарының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Әрқайсысын іске асыруға 1 млрд теңге керек. Облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған 321 полигон болса, соның 317-сі Экология кодексінің талаптарына сай емес. Олардың барлығын реттеп шығу өте көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан ауылдар үшін белгілі бір жеңілдіктер жасалуы керектігі туралы мәселені бірнеше мәрте көтергенбіз. Қазір Экологиялық кодекске өзгерістер енгізіліп жатыр, онда ауылдық полигондарға жеңілдік жасау көзделген. Алда болатын өзгерістер министрлік тарапынан орталықтандырылған жүйеде ұйымдастырылуға тиіс деп ойлаймыз» дейді жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының өкілдері.
Атап өтерлігі, биыл мамандар 172 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтады. Бүгінде оның 166-сы жойылған.
Павлодар облысы